Оралдың қоғамдық көліктеріне бөлінген субсидия қызмет сапасын жақсартты ма?

Оралда қалаішілік қоғамдық көліктерге биыл 7,6 млрд теңге субсидия бөлінген. Қызметтің осы түрін көрсетуші 6 кәсіпорынның автобустары 44 бағыт бойынша қатынайды. Қазынадан бөлінген қаражат жолаушы тасымалын қаншалықты жақсартты? Қоғамдық көлік жаңартылды ма?
Орал қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы қатынастар тізбесіндегі маршруттар субсидиялауға жатады. Жыл санап, осы мақсатқа бөлінетін қаржы да артып келеді. Оны қала әкімінің өкімімен бекітілген комиссия есептейді. Биылғы есеп 7,6 миллирд теңге болыпты. Алайда бұл миллардтар қоғамдық көлік мәселесін түпкілікті шеше алмай отыр. Қазіргі күні барлық бағытты қоса есептегенде желілерді толық қамту – 85 пайыз.

НҰРБОЛ САБЫРЖАНОВ, ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
— Келісімшарт бойынша 345 автобус желіде жүру керек болса, қазіргі уақытта 285-300 бірлік автобусты құрайды. Желіге шығатын автобустардың құрамы 300-ге жуық. Біз мұны күнделікті тұрақты негізде бөлім мамандарымен, сонымен қатар электрондық жүйені енгізуші «Смарт қала Орал» ЖШС арқылы бақылауда ұстаймыз.

Соңғы бес жылда жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар 190 жаңа автобус сатып алған. Соның негізінде ескірген қоғамдық көлік саны 47-ден 18 пайызға дейін қысқарған. Жолақы электрондық жүйе арқылы төленеді. Орал қаласы бойынша жылына 55 миллион адам қызметтің осы түрін пайдаланады. Олар қоғамдық көліктердің жүріс-тұрысы әлі де жетілдіруді қажет етеді деген пікірде.

Жолаушылар тасымалын субсидиялауға бөлінетін қаражат теңізге тамған тамшыдай ғана. «Еліміздің бас қалаларын айтпағанда, көршілес аймақтардың өзінде осы салаға бөлінетін қаржы біздегіден еселеп артады», — дейді мамандар. Ал бүгінге дейін төленген субсидия тасымалдаушы кәсіпорындар алдындағы жылдар бойы қалыптасқан берешектерді өтеуден әріге артылмай тұр.
———————————————