16 әскери госпиталь мен лазарет, 130-дан астам медицина бөлімшесі. Бұл – еліміздің Оңтүстік өңірлік әскери гарнизондарындағы медициналық мекемелер. Елордадан әскери авиациямен барған ақпарат құралдарының өкілдеріне саладағы медициналық жетістік және сарбаздарға жасалған жағдай жария етілді. Талдықорғаннан басталып Сарыөзек, Қонаев, Алматы, Гвардейск әскери қалашығында жалғасқан баспасөз турына тілшіміз Айзат Тұрғынбекқызы қатысты.
Журналистер мінген тікұшақ Талдықорғандағы Әуе қорғанысы күштерінің авиабазасына қонды. Бұл аты аңызға айналған ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің есімімен аталады. Мұндағы сарбаздар әуе қорғанысына машықтанады.
ОҢДАҒАН НҰРИСЛАМ, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР:
— Ұшуды қамтамасыз етуді үйрендік. Ұшаққа жанармай құю, электр тоғымен қамтамасыз етуді меңгердік.
Бұл әскери бөлім жақында жаңадан салынып жатқан модульдік әскери нысанға көшеді. Ғимарат заманауи құрылыс материалдарымен салынған. Яғни жылдап құрылысын күтудің қажеті жоқ. Қажеттілік болып жатса, бар ғимаратты көшіріп әкетуге де болады. Қорғаныс вице-министрінің айтуынша, мұндай нысанды кемінде 3 рет бұзып, қайта құрастыруға жарайды.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Қазіргі кезде Қазақстанда әскери нысандардың 70-80 пайызы тозған. Соның орнына қазір салынып жатқан жаңа модульдік казарма бұл. Мұнда қазір 70 сарбаз тұрып жатыр. Жақын арада 30 жас сарбаз қосылады деп күтілуде.
Сарыөзектегі әскери лазаретте де, Қонаевтағы госпитальда да журналистерге медициналық бөлімшенің жабдықталуы және мерзімді қызметтегі сарбаздарға жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдай паш етілді. Хирургия, терапия, сәулелік диагностика бөлімшелері, клиникалық зертхана, реанимация палатасы және емхана көрсетілді.
Ал Алматыдағы ең ірі әскери клиникалық госпиталь қажеттің барлығымен жабдықталған. Төтенше жағдай бола қалса, жылжымалы далалық инфекциялық госпитальда зарарсыздару техникасы сай тұр. Дәл қазір мұнда жапондық мамандар далалық жағдайда жедел көмек көрсету, жарақат алған кезде шұғыл операция жасап, қан тоқтату жолдарын үйрету үстінде.
НИШИКАВА МАКОТО, ОРТАЛЫҚ ГОСПИТАЛЬДІҢ ХИРУРГИЯ БӨЛІМІ ЖЕТЕКШІСІ / ТОКИО/:
— Біздің Қазақстанға келген себебіміз – әскери медицина саласы қызметкерлерімен ынтымақтастықты нығайту. Қазақстан-Жапон бірлескен жобасы басталды. Үш жыл ішінде біз далалық жағдайда алған жарақатты емдеудің гибриттік-симуляция жасау тәсілін үйретеміз.
Енді отандық мамандар кеуде, бас сүйектеріне осындай емдеу тәсілдерін қолдануды үйренбек.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Қазір біз әскери тікұшақпен Алматыдан Отарға бет алдық. Онда әскери бөлімшелерді аралап, сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысамыз. Жоспар бойынша баспасөз туры Гвардейскіде жалғасады.
Гвардейскідегі әскери бөлімшеде жылжымалы компьютерлік томограф, небулайзерлер-ингалятор, холтер мониторингі жүйесі, импульсті және төмен жиілікті электротерапияға арналған аппаратпен жабдықталған госпиталь таныстырылды. Сарбаздардың ас мәзірімен де таныстық. Жауынгерлерге туған күндерін атап өтуге де жағдай жасалған. Оған біз куә болдық.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.