Семейде мектеп оқушылары қоқысты кәдеге жаратып жатыр

Семейде мектеп оқушылары бөтелке қақпағын кәдеге жарату үшін ерекше экологиялық туынды жасап жатыр. «Бұл – тұрмыстық қалдықты қайта өңдеудің тың тәсілі», — дейді өнерлі балалар. Оқушылар кәдімгі қақпақтан ою-өрнек, робот, тіпті қоқыс жәшігін құрастырған
Сынып ішіндегі шеберханада түрлі түсті қақпақтан өрілген оюлар, қолдан жасалған роботтар мен көлемді қоқыс жәшігі көздің жауын алады. Оқушылар әр түсті қақпақты бөлек сұрыптап, алдын ала сызбасын жасайды.

АЛДИЯР ЖАНАПОВ, 8 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
— Біз қақпақтарды бірінші дрельмен тесіп аламыз. Содан соң темірлермен ою-өрнек жасаймыз. Біз қақпақтарды үйден жинап алып келеміз.

Жобаның ең үлкен жұмысы – 700 қақпақпен жасалған кіші және 2100 қақпақтан құрастырылған EcoBox қоқыс жәшігі. Әр сынып өз үлесін қосқан. Бірі есептеген, бірі құрастырған, енді бірі дизайн ойластырған.

Жоба мектептің STEM бағытына негізделген. Оқушылар пластиктің табиғатқа әсерін зерттейді, оның қайта өңдеу мүмкіндігін тәжірибе жүзінде қолданып көреді. Бір топ макет жасаса, келесі топ инженерлік бекітуді үйренеді. Ал есептеуді жақсы білетіндер қақпақ санын, биіктігін, көлемін нақтылап отырады.

ЕРАСЫЛ ҚАСЫМОВ, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
— Қазіргі кезде оқушылардың ойлары жүйрік, тек смартфоннан алыстатып, осындай жобалармен қолөнерге үйрету керек. Қоршан ортаны таза ұстайды және жұмыстарын жәрмеңкелерге шығарып, сатып, сол түскен ақшаға керек құрал-жабдықтар алып, кәсіптік білімді игереді.

Дайын EcoBox мектеп дәлізінде тұр. Балалар пластик қоқысты бөлек тастап үйреніп келеді. Жобаның арқасында мектеп ішінде экологиялық мәдениет қалыптасып қана қоймай, оқушылардың логикалық ойлауы, ұқыптылығы, топпен жұмыс істеу қабілеті артқан.
———————————————