Түркістан облысында болған өрттен аман қалған үш адамның жағдайы ауыр. Оның біреуі – 7 жасар бала. Барлығы жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға орнына барған облыс басшылығы қара жамылған екі отбасына тиісті көмек көрсетілетінін айтты. Өрт таңғы бестер шамасында болған. Тілсіз жаудан 12 адам опат болды. Оның тоғызы – бала.
Өрттен көз жұмғандар – бір әулеттің мүшелері. Олар көрші ауылдағы сүндет тойдан қайтып келе жатып, Алғабастағы бауырының үйіне түнеген екен. Қайтыс болған тоғыз баланың ең үлкені – 16, ал ең кішісі небәрі бір жаста болған. Қалғаны да – мектеп жасындағы ойын балалары. Көршісінің сөзінше, бұл отбасы осы үйге 3 жыл бұрын ғана көшіп келген екен.
ҚАЙЫРБЕРГЕН БОЖЫМБЕТОВ, КӨРШІСІ:
— Өрт тоқтан шықты деп естідім. Ішінде дым қалмаған, адамнан ешкім жоқ, бәрі жанып кеткен. Барлығы жанған, 100 пайыз.
Оқиғаның тағы бір куәгері таңғы сағат 5-те үйден бір келіншектің көмек сұрап, жан дауысы шыққанын айтады. Екінші қабаттағы терезеден көмекке шақырып айқайлаған әйел де көз жұмды.
ХАНЫМАЙ ЖҮНІСОВА, КУӘГЕР:
-Терезенің ішінен айқайлады, екінші этаждан айғайлап тұр, далаға шыға алмай тұр. Ол келіншек уланып қалған. Ол іште айғайлап тұр, мен сырттан естіп жүрдім. Көршілерді ояттым, кейін баламмен бардық. Ол кезде сағат бес жарым болып қалған еді. Егізінің біреуін көрдім, осылай қатып қалған. Шашы бұйра еді, мына бала алып шығыпты.
Қайғылы оқиға бүгін таңертең ерте болды. От екі қабатты үйді шарпыған. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі келгенге дейін тұрғын үй толықтай өртке оранған. Тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылып, Президент тапсырмасы бойынша болған қасіреттің себептерін тергеп-тексерумен айналысады. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасына қажет медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.
ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бүкіл құзіретті органдар тергеу жасап, себебін анықтап жатыр. Жерлеу рәсіміне қатысты әкімшіліктің тарапынан бүкіл көмек көрсетіп жатырмыз. Эксперттер жұмыс істеп жатыр. Бірақ газ қазандықтары сыртта орналасқан екен, газбен қатысты емес сияқты. Психологтар келді – отбасы үшін қиын жағдай. Бүкіл шығындарын көтереміз.
Қайғылы жағдайға қатысты «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Полиция тергеу нәтижесімен процестік шешім қабылданатынын жеткізді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.