Жылыту маусымы басталғалы 870 өрт болған

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Әсіресе жылу беру маусымында. Себебі дәл осы кезде жағдай ушығады. Қарапайым қауіпсіздік шараларын елемеу қайғылы жағдайларға әкеліп жатқанын көріп отырмыз. Өрттің алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынған? Тұрғындарға қандай кеңес беріліп жатыр?
Жылыту маусымы басталғалы елімізде 870 өрт болған. Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Ақмола облысында жағдай күрделі. «Жыл сайын ескерту жасалғанымен, пеш және электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан өрт жиі болады», — дейді құтқарушылар.

Шығыс Қазақстан облысының өрт сөндірушілері, полицейлері мен құтқарушылары үйлерге барып, пештер мен мұржалардың жағдайын тексеруді қолға алды. Соңғы рейд барысында жылу жүйелерін пайдалану ережесін бұзу бойынша 11 мыңнан астам дерек анықталды. Апаттың алдын алу мақсатында үйлерге 400-ден аса түтін датчигі орнатылды. Жалпы, соңғы үш жылда облыс бойынша 17 мыңнан астам осындай құрылғы қойылыпты. Содан бері осындай шағын жүйелер 42 адамның өмірін сақтап қалған.

АЗАМАТ АХМЕТЖАНОВ, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ ТЖБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қайта тексеруге келгенде бұған дейін анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі жойылғанын көреміз. Жылу беру маусымы басталғалы бері облыс бойынша 35 өрт тіркелді. Оның 12-сі пешті пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуына байланысты.

«Өрт қауіпсіздігі айлығы» қазір еліміздің әр өңірінде өтіп жатыр. Әсіресе әлеуметтік осал топтар тұратын баспаналар мен көпбалалы отбасылардың үйлері ерекше бақылауға алынған. Мәселен, осындай санаттағы 108 мыңнан астам үй мен 225 мың көпбалалы отбасының баспанасы толық тексерілуде.

Күні бүгінге дейін 23 мыңнан астам үй өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендірілді. Ал 26 мың баспанаға түтін датчигі орнатылды.
———————————————