Петропавлда былтыр тасқыннан кейін баспаналы болған азаматтар құрылыс сапасына шағымданды. Жаңа баспана бір жыл өтпей, сыр бере бастаған. Қабырғалары сөгіліп, сыз тартқан. Сондықтан жергілікті биліктен мәселеге назар аударуды сұрайды.
Былтыр өңірде болған алапат тасқын Райхан Галееваның баспанасын шайып кетті. «Жаңасына қоныстанғанымен, проблемадан көз ашпай қойдық», — дейді ол. Бір жылда үйдің іргетасы опырылып қалған. Мердігер болса апатты баспананы жөндегендей болыпты.
РАЙХАН ГАЛЕЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Үйді қалпына келтірген кезде біз қонақ үйде тұрдық. Оны кәсіпкер өз қаржысына жалдады. Екі аптадан кейін, үйіме келдім. Бірақ жұмысы көңілімнен шықпады. Тек қырлап-сырлап кеткен. Міне қабырғалар уақыт өте келе қайтадан сөгіліп жатыр.
Ал Максим Черников Қызылжар ауданына қарасты Большая Малышка ауылынан көшіп келген. Баспанасы сын көтермейді. Қабырғалары жарылып, құлаудың аз-ақ алдын тұр. Мәселені айтып жауаптыларға талай мәрте хабарласқан. «Алғашқыда олар тек келіп қарап кетті. Бірақ олқылықтың орнын толтыруға асығар емес», — дейді.
МАКСИМ ЧЕРНИКОВ, ҚАЛА ТҰРЫҒЫНЫ:
— 15 тамыздан бері хабарласып жатырмыз. Мердігер жұмысшыларды жібере салдым, сондықтан келер жылы сәуір-мамыр айында келеміз дейді. Ал ол кезде кепілдік мерзімі аяқталады.
Кейбір үйлердің терезесі шағылған. Тіпті есіктері жабылмай, шатырынан жел соғатындары да бар. Әкімдік өкілдері, мәселені бақылауға алды. Тұрғындардың барлық талап-арызы ескеріледі деп сендіріп отыр.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
— Мына үйдің техникалық жағдайын енді біліп жатырмыз. Себебі бізге ешкім арызданбады. Дегенмен аса қорқыныш жоқ. Сондықтан жауапты компания өкілдері алдағы бірнеше күнде олқылықтың орнын толтырады. Ал Галлевтер отбасы бойынша мәселе болғаны рас. Онда да кемшіліктер түзетілді. Біз оларға басқа үйге көшуді ұсынған болатынбыз. Алайда бұл бастаманы отбасы мүшелері құптамады.
Былтыр тасқыннан зардап шеккендер үшін қала шетінен «Бірлік» ауданы бой көтерді. Мұндағы 700 баспананың құрылысына «Қазақстан Халқына» қоры және демеушілер қаржы аударды. Бір жылдан астам уақыт өтесе де, тұрғындардың дені жылжымайтын мүлікті заңдастыра алмай жүр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.