Ақши елді мекені тағы ауызсусыз қалды

Алматы облысының Ақши елді мекені қыстың көзі қырауда тағы ауызсусыз қалды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында төселген орталықтандырылған ауызсу құбыры бірнеше жерден жарылған. Ауылда 6 мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындарға тіршілік нәрі арнайы көлікпен тасымалданып жатыр. Жағдайды шұғыл шешпек болған облыс басшылығы кеңес өткізіп, «Техногендік төтенше жағдай» жариялау жайын қарастырды.
Ақшиде ауызсудың тоқтап қалғанына 15 күн болды. Орталықтандырылған ауызсу құбыры жүйесінде жиі апат болатындықтан, тұрғындарға жаздың күні де тіршілік нәрі кестемен берілетін. «Міне, жарты айдан бері кір-қоңымызды дұрыстап жуа алмай, балаларымызды мектепке жібере алмай отырмыз», — деді көпбалалы ана Назира Омарова.

НАЗИРА ОМАРОВА, АҚШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Ыдыс жуылмайды, тамақ істелмейді, кіріміз тонналап жиналып тұр. Ертең келеді деп тағы да күтіп отырмыз. Екі апта өтті, су әлі жоқ. Жөндейді, бірақ ауылға келіп үлгермейді. Суды жібереді, сол жібергеннен көп ұзамай жарылып жатыр ғой. Ауылға су келіп үлгермейді.

Күрті ауылдық округінің орталығы Ақшиде ауызсу тапшылығы туындағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Жарты ай бойы тіршілік нәрінсіз қалған ауыл тұрғындары жауапты мекеме өкілдерінен мәселені тездетіп шешуді сұрады.

ГҮЛБАНУ ҚИНУАРҚЫЗЫ, АҚШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Менің үйімде 16 жасқа толып отырған мүгедек бала бар. Үйімде су жоқ, мен немен жуындырам оны?! Әкімшілік ештеңе істемей отыр. Қыстай сусыз отырамыз ба?! Жаздай су болған жоқ, сағатпен берді. Сол кезде жасау керек еді ғой!

ДУЛАТ ӘБІЛҒАНИ, КҮРТІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Кешегі күнге дейін 7 рет жарылды. Балалар жұмыс істеп жатыр. Резервуарда қазір 80 куб су бар. Ол енді шамамен 35-40 водовоздай болады. Күнделікті екі водовоз қойылып жатыр. Одан бөлек сыйымдылығы 12 тонналық үшінші водовоз ауданнан келеді.

Мамандардың айтуынша, жалпы ұзындығы 70 шақырымнан асатын орталықтандырылған ауызсу құбырын қайта жаңартуға 7 млрд 400 млн теңге қажет. Өңірдегі су құбыры желілерінің 65%-ы әбден ескіріп тозған. Кеңестік кезеңде төселген 600 шақырымнан астам ауызсу құбыры қайта жаңартуды қажет етеді.
———————————————