Азаматтық-құқықтық келісім арқылы жұмысқа алуға тыйым салынбақ

Көп ұзамай азаматтық-құқықтық келісім арқылы жұмысқа алуға тыйым салынады. Мәжіліс депутаттары Еңбек шарты туралы заң жобасын талқылап жатыр. Онда әлеуметтік төлемнен жалтару үшін, жұмысшыны мердігер ретінде тіркеуге тоқтау салу көзделген.
Қазақстанда жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастарына қатысты маңызды өзгерістер күтіп тұр. Ең үлкен проблема – еңбек шартының орнына жаппай ГПХ жасаудың тыйылмауы. Жұмыс берушілер әлеуметтік төлемдерден қашу үшін қызметкерлерді «мердігер» деп көрсетіп жүргені жасырын емес. «Іс жүзінде олар кәдімгі жұмыскер: бастыққа бағынады, жұмыс кестесі бар, тәртіпке сай істейді. Бірақ демалыс жоқ, сақтандыру жоқ, зейнетақысыз қалады», дейді заң жобасы авторларының бірі, депутат Асхат Аймағамбетов.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бұл неге қауіпті? Өйткені бұл ГПХ-да отырған жұмыскер әлеуметтік кепілдіктерден айырылады. Ол еңбек демалысына шыға алмайды. Әйелдер де жүктілікке байланысты демалысқа шыға алмайды. Зейнетақы жарнасы аударылмайды, медициналық сақтандыруы болмайды. Енді біз бұған нақты тосқауыл қоямыз. Егер қарым-қатынаста еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, онда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынады.
Депутат Арман Қалыков заң жобасын қолдай отырып, еңбек шартын азаматтық-құықтық келісімнен нақты ажырататын критерийлерді түсіндіруді сұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі еңбек кодексінде бәрі анық көрсетілгенін айтты.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Еңбек кодексінің 27-бабында үш негізгі белгі көрсетілген: қызметкердің белгілі бір мамандық пен біліктілік бойынша жұмыс атқаруы, міндеттерін басшылыққа бағына отырып жеке орындауы және тұрақты түрде жалақы алуы. Егер бұл белгілер бар болса – ол азаматтық-құқықтық келісім емес, нақты еңбек шарты болып есептеледі.

Ал өндірісте жарақат алған жұмысшылардың әділдік таппай, кінәні көбіне өзіне жабатын жағдайлар да аз емес. Бұдан былай жазатайым оқиғаны тергейтін комиссияға тәуелсіз медиаторлар, сондай-ақ зардап шеккен адамның туысы немесе адвокаты қатыса алады. «Бұл тергеуді ашық, объективті етеді», — деді заң жобасын ұсынушы. Сонымен бірге қызметкердің кінәсі болса да, оның жауапкершілігі 25 пайыздан аспайды. Бұрын жұмыс берушілер кінәні 70 пайызға дейін жұмысшыға аударатын. Бұл ретте депутаттар қызметін атқару кезінде басынан ауыр жарақат алып, қайтыс болған фельдшердің оқиғасын еске салып, заң жобасында азаматтарды қорғаудың қандай тетіктері жазылғанын сұрады.

Және маңызды әлеуметтік жаңалық бала күтіміне шыққан әкелердің де еңбек өтілі есептеледі. Бұл бұрын тек аналарға берілген құқық еді. Ұсынылған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Комитет бүгінгі талқылау кезінде айтылған ұсыныстарды ескеріп, енді құжатты екінші оқылымға дайындайды.
———————————————