Абай облысына биыл 198 қандас көшіп келді

Биыл көші-қон бағдарламасы аясында Абай облысына қоныс аударушы саны күрт артты. Жыл басынан бері облысқа 198 қандас және еліміздің өзге аймағынан 221 тұрғын көшкен.
Моңғолиядан жеті жыл бұрын атамекенге оралған Заманбек Сезейұлы қазір Қарауыл ауылының маңындағы қыстақта тұрады. Ат баптап, тазы асырап, қазақтың дәстүрін жас ұрпаққа танытып жүрген ол елге келгенде мемлекет тарапынан баспанамен қамтылып, бір реттік төлем алған. Қазір отбасының жеке шаруашылығы толық жолға қойылған.

ЗАМАНБЕК СЕЗЕЙҰЛЫ, АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Сүт, құрт, май жасаймыз, жаз айларында бие сауамыз. Солай тірлік етіп жатқан жағдайымыз бар. Атадан қалған аманатымыз. Қазір төрт түлігіміздің құны да керемет болып жатыр. Бала-шағамыз оқысын білім алсын, мықты азамат болсын! Еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар болсын деп Қазақстанға көшіп келіп отырмыз.

Қоныс аударып қана қоймай, ауылда өз кәсібін жолға қойғандардың бірі – Астанадан Кеңгірбай би ауылына көшкен Нұржанат Асылханова. Мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алып, отбасылық кәсіпті
дамытып отыр. Айтуынша, ауылға көшуінің басты себебі – балаларын ана тілінде тәрбиелеу.

НҰРЖАНАТ АСҚАР, КЕҢГІРБАЙ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бір жыл өтті. Нәтижесі бар, қазір балаларым таза қазақ тілінде сөйлейді. Балалар тез үйреніп кетті. Өйткені мұнда адамдар жайлы, туысыңдай араласады.

Мамандардың айтуынша, биыл атажұртқа көшіп келгісі келетін қандас қатары да айтарлықтай артқан. Бүгінде шамамен 80-ге жуық адам құжат рәсімдеп жатыр.

АЙМАН НҰРЛЫБЕК, ЖҚӘБ ҮЙЛЕТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Мемлекет тарапынан субсидиялар бөлінеді. Оның ішінде ерікті қоныс аударған отбасының әр мүшесіне 70 АЕК субсидия. Сонымен қатар Абай облысына келгенде үйді жалдап тұратын болса, бір жылға дейін 15 АЕК-тен 30 АЕК дейін үй жалдағанына қаражат төленеді. Сонымен қатар үй сатып алудың 50 пайызын өтейтін «Еңбек ұтқырлығы» сертификаты бар. Оның ең көп мөлшері – 1160 АЕК. Осы қаражат шеңберінде үй сатып алу мүмкіндіктері бар.

Атажұртқа оралған қандастар мен елдің түкпір-түкпірінен келген отбасылар мұнда жаңа өмір бастап, өңірдің өркендеуіне үлес қосып отыр.
———————————————