«Kaztraffic-2025» көрмесі: жол құрылысы саласындағы тың жобалар ұсынылды

Жасанды интеллект адамға қызмет етеді. Жақында Мемлекет басшысы қол қойған «Жасанды интеллект туралы» жаңа Заңда осылай айтылған болатын. Ал бүгін Астанада ХХІ «Kaztraffic-2025» Халықаралық көрмесі ашылды. Онда жол құрылысы саласындағы тың жобалар ұсынылды.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Көрме аясында қазақстандық ғалымдар мен инженерлер әзірлеген инновациалық жобалар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылмақ. Олардың бір бөлігі сынақ кезеңінен өтуде, ал кейбірі келер жылы өндіріске енгізіледі деп жоспарлануда. Бұл бастама отандық жол құрылыс саласы үшін аса маңызды, — дейді мамандар

Отандық компаниялар инновацияға жақын, ал жасанды интеллектінің игілігін көріп отыр. Айталық, елорданың мұнтаздай болып тұруына жауапты «Астана тазалық» кәсіпорнының жасанды зейінге негізделген арнайы техникасы көпшіліктің көңілін аударды. Жаңа әрі ақылды техниканы алғаш отырған маман енгізілгелі техника тілін он саусағындай білетін жүргізуші Мұрат Баймұхановтың өзі жаңашылдыққа алғашында тосырқай қарағанын айтады.

МҰРАТ БАЙМАХАНОВ-ЖҮРГІЗУШІ:
— Адам ұйықтап кетіп жатса, «Абай болыңыз» деп сөйлейді. Үйрендік бұған да. Басында ұрсысатынбыз, қазір енді қойдық.

Кәсіпорында 8 жаңа арнайы техникаға осы жүйе енгізілген. Яғни электрондық жол парағымен бірге техниканың техникалық жағдайын онлайн бақылау, қызметкерлердің күнделікті медициналық тексерістен өтуін қадағалау, құжат айналымын оңтайландыру мүмкіндігі туған. Дәл осы тектес жол инфрақұрылымы технологияда жаңашылдық ұсынғандар қатарында Қытай,Түркия, Италия, Франция, Канада, Өзбекстан және басқа да елдерден келген 250-ден аса компания көрмеге қатысып жатыр.

РОБИН СЕБИЛЬ, «PIARC» ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— «Kaztraffic» көрмесі біз үшін дәстүрлі шараға айналып келеді. Бұл –әсіресе жол құрылысы енді қарқынды дамып келе жатқан елдер үшін аса маңызды көрме. Мен өзім французбын. Қазақстандағы жол құрылысы технологиясы мені таңғалдырды. Сондай-ақ Парижге қарағанда, Астана жолдарының әлдеқайда тазалығын айтар едім.

Қазақстан жолдарына қызыққан француз инженерінің сөзіне, әрине, журналистер таңданысын жасырмады. Ал көрмедегі шетелдік заманауи битум және полимер материалдарынан бастап интеллектуалды көлік жүйелері мен жол қауіпсіздігі саласындағы инновацияларға дейінгі ең жаңа технологялардан әлі де үйренеріміз көп дейді, Көлік министрлігіндегілер. Айтуларынша, елімізде биыл 13 мың шақырым республикалық тас жолда құрылыс жұмыстары аяқталған. Соның 4 мың шақырым жергілікті жолдың сапасы сын көтермейді.

НҰРТІЛЕК ХАСЕНОВ-КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Қазір жергілікті жолдар сапасының жағдайы өте маңызды мәселе болып тұр. Осы мақсатта біз барлық өңірдің әкімдіктерінің және олардың мердігерлерін шақырдық. Оларды шақырып, «Қазақ жол ғылыми зерттеу институтымен» бірге жұмыс істеуге, сапаны арттыруға біріктіріп жатырмыз.

Көрме 3 күнге жоспарланған. Осы уақытта түрлі компаниялар ұсынған асфальт,бетон қосындыларынан бастап, су жаңа арнайы техника мен технологияны зерттеп тәжірибе алмасуға мүмкіндік тумақ.
———————————————