Ақтаудағы бөбекжайда кішкентай музыканттардың керемет оркестрі бар. Еліміздегі ең жас дирижер да осы топтың құрамында. Бар-жоғы төрт-бес жастағы бүлдіршіндер ұлттық аспаптарды шебер меңгеріп, талай байқауда топ жарып үлгерген. Олар даңғыра, асатаяқ, тұяқтас секілді ұрмалы аспаптарда еркін ойнайды.
Ақтауда өзі кішкентай болса да, өнері озық дирижер өсіп келеді. Ханшайым Қадырбек небәрі 5 жаста. Бірақ қолына таяқ ұстаса болды, оркестрді әп-сәтте бағындырады. Оның қабілетін музыка мұғалімі байқап, арнайы дайындыққа алған. Қазір кішкентай оркестрдің қоржынында бірнеше күй мен халық әні бар.
ХАНШАЙЫМ ҚАДЫРБЕК, БАЛАЛАР ОРКЕСТРІНІҢ ДИРИЖЕРІ:
— Мені барлық бала тыңдайды. Өйткені мен дирижермін. Өскенде жұлдыз болғым келеді.
Ал бүлдіршіндердің ең жақсы көретін аспабы – ұлттық мұрамыздың бір бөлшегі саналатын тұяқтас. Жылқының тұяғынан жасалған бұл аспапты балақайлар тез меңгеріп алған. Соғып ойнау қиын емес, керісінше, қол қимылы мен ептілігін дамытады. Ал дыбысының анық шығуы балаларды шабыттандырып, бірге ойнауға қызықтыра түседі.
Бұл оркестрді бөбекжайдың музыка пәні мұғалімі Гүлбану Әділбайқызы жасақтаған. Ол 4-5 жасар балаларға ұрмалы аспаптарды таныстырып, топпен ойнауды үйретеді. Балаларға домбыра, сазсырнай, қобыз сияқты ұлттық аспаптарды көрсету үшін балабақша қаражатына арнайы сатып алынған. Ал барабан жиынтығын ұстаздар темірден, картоннан, пластиктен, яғни қолда бар заттардан құрастырыпты.
ГҮЛБАНУ ӘДІЛБАЙҚЫЗЫ, МУЗЫКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
— Жалпы, балабақша баласы шертетін аспаптарды тарта алмайды. Олардың саусақтары әлі кішкентай. Мысалы, домбыраны тарта алмайды деген сияқты. Біз көбіне ұрмалы аспаптармен жұмыс істейміз. Музыка әлемі жасанды және табиғи болып бөлінеді ғой. Сондықтан балаларға аспаптарды жасанды ыдыстардан, қолдан жасаймыз. Олар өздері де бізбен қосылып жасайды.
Оркестр құрамында 14 бүлдіршін бар. Республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып жүр. Биыл Алматыда өткен «Жаңа жұлдыз» байқауында Гран-при жүлдесін жеңіп алыпты. Өткен жылы «Дара бала» ұлттық жобасына арнайы шақыртумен барып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Халықтың көзайымына айналып үлгерген оркестр есептік концертке қызу дайындалып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.