Мектеп қайта ашылды. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Магистральный ауылындағы білім ордасының жөндеуге жабылғанын айтқан болатынбыз. Екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген ғимараттың қабырғалары жарылып, едендері отырып кеткен.
Білім ордасы су жаңа болса да, сыр берді. Аралық қабырғалар қақырай бастады. Соған байланысты мектептегі оқыту процесі уақытша тоқтатылған еді. Белгіленген мерзімде жөндеу жұмыстары аяқталған. Өзге де анықталған ақаулықтар ретке келтірілген. Осы жерде 120 шәкірт білім алады. Жөндеу кезінде олар көршілес Ақсуат, Пойма ауылдарындағы мектептерге арнайы көлікпен тасымалданды. Оқушылармен бірге мұғалімдер де сол ауылдарға қатынап жұмыс істеді. Бүгінгі күні мектепте оқу процесі қалыпты жалғасып жатыр.
АЛТЫНАЙ ҒҰБАШЕВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жөндеу кезінде қиындықтар көп болды. Себебі оқушыларымызды екі мектепке тасыдық. Ақсуат мектебіне күніне 3-4 рейс апарып жүрді. Поймаға да солай. Бірақ сол қиындық өтіп, жаңа мектебімізге қайтып оралып жатырмыз.
Мектептің қайта ашылғанына әсіресе ата-аналар қуанышты. Себебі ауылда балалар дәріс алатын білім ордасы біреу ғана.
ГҮЛНАЗ АППАСОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Осы мектепте екі балам оқиды. Мектеп жөндеуге жабылған кезде бізге өте қиын болды. Балаларды уақытынан бұрын апару керек. Кеште өте қараңғыда келіп жүрді. Ауа райына байланысты жер де лай, балшық болды.
Білім ордасы ашылғанда ауылдықтардың қуанышында шек болған жоқ. Жылы, жарық, жайлы мектепте балалары білім алып жүр. Ендігісі, соған дейін жететін жолдың мәселесі.
АНАСТАСИЯ ЧЕРНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Балаларымыз мектепке балшықты кешіп барып, келіп жүр. Әсіресе күз бен көктемде мүлдем қиын. Оларды көтеріп жеткіземіз. Осы мезгілдерде айнала балшық пен суға толып кетеді. Көшелеріміздің де жайы-күйі осындай. Балалар айналып өтетін құрғақ жер таппаймыз.
Мектептің кепілдік мерзімі осы жылдың соңында аяқталады. Оған дейін ауланы абаттандыру, өзге де жұмыстар жоспарланған. Ал ауылдықтар сұрап отырған жолдың шешімін жергілікті атқарушы биліктің еншісіне қалдырдық.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.