Жалған коучтар мен психологтарға қатысты Заң қабылданады

Жалған психолог, коуч, бизнес-тренер атаулыға қатысты арнайы Заң қабылдау керек. Өйтпесе ақылын сатып, жұртты қарызға белшеден батырғанын қоймай, талай отбасын ойрандап жүргендер көбейді. Депутаттар осылай дабыл қақты. Арнайы кәсіби стандарт бекітілсе, рұқсатсыз насихат жүргізіп жүрген «ақыл айтқыштар» да айылын жияды. Саны көп, сапасы жоқ белгісіз маман да жөнге түседі. Оның сыртында қоғамдық жерде рұқсатсыз фото-видео түсіруге тым салу ұсынылды.
Қазір бизнеске бейімдеймін, өмір сүруді үйретемін дейтін коучтарға иланып, сан соғып қалатындар да көбейіп барады. Соның бірі – алматылық бойжеткен. Табыс тауып, өмірімді жақсартамын деген сеніммен 1,5 миллион теңге төлеп, екі апталық онлайын оқуға келіскен ол, ақыры 4 миллион қарызға қалай кіргенін өзі де білмейді.

ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Оқытуға адам жинасаң болады деп айтты. Мен ол туралы инстаграмға жарияладым. Бірден тіркелушілер болды. Мен, шынымды айтсам, өте қорықтым. Өйткені менде оқытатын ешқандай жоспар да болған жоқ. Бірақ саған өз ИП-мызды береміз деп айтты. «Сол жерге ақшаңды жинай берсең болады. Төлем қабылдай бер», -деді. Солай мен 4 қыздан оқу ақшасын алдым.

Олардың әрқайсысы 150 мың теңге төлеп, оқуға келген. «Таныстарынан алған қарызды қайтару үшін көндім», — дейді ол. Ақыры қолында әдістеме, басында білімі жоқ қыздан күмәнданған олар полицияға арызданыпты. Осы қысымға төтеп бере алмаған бойжеткен жүйке аурулары диспансерінен бірақ шыққан. Алайда әзірге коучтарға қой дейтін қожа, әй дейтін әже болмай отыр.

КАМИЛЛА ДУМЧЕБАЕВА, АДВОКАТ:
— Қазіргі уақытта Қазақстанда коуч, тренер және инфобизнес өкілдерінің қызметін нақты реттейтін арнайы заң жоқ. Олардың қызметі бірнеше заңнамалық актіге бағынады. Мысалы, Азаматтық кодекс, Кәсіпкерлік қызмет туралы заң, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң. Ал ерекше жағдайларда Кәсіпкерлік саласындағы алаяқтыққа қатысты Қылмыстық кодекс бар.

Талай көтерілсе де, бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. «Құлқынның қамын ғана ойлап, жалған насихатымен талайды тақырға отырғызған коуч, психологтарды тиісті Заң ғана жөнге салады» деп отыр депутат.

Коуч, психологтар ғана емес, енді пранкерлер аяғын аңдап басатын болады. Бұдан былай кез келген жерде кез келген адамды фото-бейнетаспаға түсіруге де шектеу қойылуы мүмкін.
———————————————