Қ. Тоқаев Е. Қаринді қабылдап, парламенттік реформаның аралық нәтижелерін тыңдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші – Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қаринді қабылдады. Кездесуде президентке Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері баяндалды. Ерлан Қариннің айтуынша, e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисінде «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылғалы бері бір айдың ішінде, азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан осы мәселеге қатысты 300-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Қазір барлық ұсынысты талдау және жүйелеу ісі қолға алынды. Жұмыс тобының екінші отырысын биыл 2 желтоқсанда өткізу жоспарланған. Мемлекет басшысы елдегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі болатын алдағы парламенттік реформаның мән-маңызына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев келіп түскен барлық бастаманы жан-жақты қарап, олардың негізінде парламенттік жүйені жаңғырту бойынша нақты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.
———————————————