Зейнетақы жарналарын уақытылы төлемеген қазақстандықтардың есепшоттары бұғатталады

Келер жылдан бастап зейнетақы жарналарын уақытылы төлемеген қазақстандықтардың банк есепшоттары бұғатталады. Бірақ бұл шара тек қарызы 26 мың теңгеге жеткен азаматтарға қолданылады. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, алдымен борышкерге ескерту жолданады. Бұған құлақ аспаса, оның банк карталарын пайдалану және ақша аудару мүмкіндігі дереу шектеледі.
Зейнетақы қорына міндетті жарнаны уақытында аудармағандардың есепшоты бұғатталады. Жұмыс беруші де, жеке кәсіпкер де жарнаны әр айдың 25-іне дейін аударуы тиіс. Бұл талап орындалмаса, салық органдары алдымен ескертіп, хабарлама жібереді, ал 10 күн ішінде қарыз өтелмесе, банктік операцияларға тыйым салады. Бірақ, мұндай амал жарна аударушының қарыз көлемі 6 айлық есептік көрсеткіштен асса ғана қолданылады.
Өзгеріс салық төлеушілердің жұмысына жақсы әсерін тигізуі тиіс деп есептейді комитеттегілер. Сарапшылар бұл талап кәсіпкерлерді, жалпы халықты қаржылық сауатқа, ақшаны дұрыс жоспарлауға үйретеді дейді.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:
— Мұндай бақылау механизмі кәсіпкерлердің зейнетақы жанрларын уақытында төлеуге ынталандырады. Егер жарналар жүйелі түрде және үзіліссіз аударылып отырса, өзара сенім әрі зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы да артады.
2026 жылдан бастап міндетті зейнетақы жарнасы тек штаттағы қызметкерлерден ғана емес, жеке практикамен айналысатын азаматтардан, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданушылардан, сондай-ақ интернет-платформалар немесе мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсететін мамандардан да ұсталады.
———————————————