Талай қазақтың дауылпаз күйшісіне аспап жасаған шебер. Атырау тұрғыны ата аманатына адал қарап келе жатқанын айтады. Он саусағынан өнер тамған шебердің домбырасына сұраныс көп. «Ұлттық аспапқа шетелдіктер де қызығып, тапсырыс береді», — дейді шебер.
Бұл – ұлттық құндылықтың ұлықталуына үлес қосып жүрген Нұрлыбек Бисенбаев. Шебер домбыра жасаудың ғана емес, тартудың да кәсіби маманы. Бүгінде оның қолынан шыққан ұлттық аспапқа еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түседі. Тіпті көршілес Астрахань облысынан да іздеп келетіндер көп екен. Ағаштан түйін түйіп, қос ішекті аспапты асқан ұқыптылықпен жасайтын шебер бекзат өнерді әкесінен үйренген.
НҰРЛЫБЕК БИСЕНБАЕВ, ШЕБЕР:
— Атырауда Махамбет ауданында Сарытоғай деген жер бар. Сол жерден домалақ ағаштарды алып келеміз. Сосын оны кестіртеміз. Кескеннен кейін, кептіріп қоямыз. Кейін оны тіліп, сосын корпустарын жинап аламыз. Корпусты толтырып жинап қоямыз. Ол кемінде 1-2 ай тұруы керек. Кепкеннен кейін корпустарды шетінен алып жасап шығарамыз.
Әке көрген оқ жонар, демекші шебер көмекші ретінде өзінің ұлы Нұртөрені де осы кәсіпке баулып жүр. Әкесінің қолқанаты алғашқылардың бірі болып дайын аспапты сынақтан өткізеді екен.
НҰРТӨРЕ НҰРЛЫБЕКҰЛЫ, ШЕБЕРДІҢ ҰЛЫ:
— Оюдың дизайнын арнайы бағдарламамен салады. Қолмен салынбайды. Сабақтан тыс уақытта шеберханада әкеме көмектесемін. Болашақта қолөнер шебері болғым келеді.
Нұрлыбек Бисенбаев бүгінге дейін үш мыңнан аса домбыраны жасап шығарған. Шебер енді бар білгенін жастарға үйретіп, шәкірт тәрбиелеуді армандайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.