Жамбыл облысы Жылыбұлақ ауылының оқушылары 4 бөлмелі үйде оқып жатыр

Жамбыл облысы Жуалы ауданы Жылыбұлақ ауылының балалары әбден тозығы жеткен үйде оқуға мәжбүр. Бастауыш сыныптың 30 оқушысына осы жердегі 15 мұғалім аядай төрт бөлмелі ғимаратта дәріс оқиды. Бұрынғы баспана осыдан 21 жыл бұрын мектепке берілген. Орынның тапшылығынан жоғары сыныптың оқушылары 7 шақырым жердегі көрші ауылға барып жүр. Бұл үйдің салынғанына 70 жылдан астам уақыт өткен. Қазір әбден тозығы жетіп, қабырғалары қақырап, шатырынан су ағады. Жылу мен жарық, судың да мәселесі жетіп жатыр. Дене шынықтыру сабағы далада өткізіледі. Бейімделген ғимаратта ешқандай жағдай жасалынбаған. Ал аудандық білім бөлімі басшылығы ауылда типтік негіздегі жаңа мектеп салынбайды. Себебі елді мекендегі тұрғындар аз. Бұл экономикалық жағынан тиімсіз деп түсіндіреді. Бар болғаны 50 орынға есептелген бастауыш мектептің жоба-сметалық құжаты жасақталыпты. Енді қаржы керек. Қаржы мәселесі оң шешілсе, тек келесі жылы ғана құрылыс басталады.
———————————————