Қазақстан – біздің еліміз үшін үлгі. Ресми сапармен Астанаға келген Армения Премьер-министрі Ақордадағы кездесуде осылай деп ағынан жарылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян маңызды келіссөздер өткізді. Тараптар сауда-экономикалық байланысты нығайтып, көлік-логистика әлеуетін тиімді пайдалануға уағдаласты.
Армения Премьер-министрі біздің Президентпен кездесуге әбден дайындалғандай. Қазақ әнін тыңдап отырған видеосын Никол Пашинян таңертең әлеуметтік желіге жариялап, қазақ жұртына жүрегін ұсынды.
Мәртебелі мейман Қазақстанға Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен ресми сапармен келген. Ақордада Армения делегациясын Президент күтіп алды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл сапар ерекше мәнге ие. Себебі Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы негізгі саяси, сауда-экономикалық әріптестерінің бірі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Екі ел арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімді саяси диалог қалыптасқан. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім саласындағы ықпалдастығы дәйекті түрде дамып келе жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетаралық байланыстар конструктивті сипат алған әрі оны жақ-жақты кеңейтуге мүмкіндік бар. Бүгін біз екі ел арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейге көтеру туралы тарихи құжатқа қол қоямыз.
Президент Пашинянның геосаяси күрделі жағдайда ерекше шешімдер қабылдап, бұл шешімдердің бүкіл армян халқына пайда әкелетінін атап өтті. Ал Армения премьер-министрі Астана сапары ол үшін зор құрмет екенін айтты. «Тоқаев 2024 жылы Арменияға барғаннан кейін екі ел арасындағы қарым-қатынаста «жаңа дәуір» басталды», — деді Никол Пашинян.
НИКОЛ ПАШИНЯН, АРМЕНИЯНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Қазақстан біздің еліміз үшін өте жақсы үлгі деп санаймыз. Біз қазақ халқын құрметтейміз. Осы құрмет екіжақты ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға негіз болады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзара ықпалдастығымыздың басты бағыттарын ілгерілету жағдайын жан-жақты талқыладық. Өңірдегі өзгерістерді ескерсек, экономикалық және көлік саласындағы қатынастарымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Көлік бағытындағы әлеуетті толық жүзеге асыру маңызды. Оның нәтижелі болатынына сенімдімін.
Тараптар енді сауда-экономикалық байланысты жандандырмақ. Өзара сауда айналымын ұлғайту үшін Қазақстан армян нарығына жалпы құны 350 миллион доллар болатын тауар ұсына алады. Себебі Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Оны пайдалану керек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен Әзербайжан басшысына санкцияларды алып тастап, өз елі арқылы екіжақты тікелей сауда жүргізу туралы шешім қабылдағаны үшін ризашылығымды білдірдім. Мысалы, биылғы қараша айында Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді. Бұл бастаманың саяси және экономикалық мән-маңызы айрықша. Біз Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайынбыз Осы бағыттағы жұмысқа күш-жігерімізді жұмылдыруға уағдаластық.
«Екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу және әуемен жүк тасымалдау жұмысын ретке келтіру керек», — деді Президент. Қазақстан мен Армения жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келісті. Никол Пашинян армян тарапы ынтымақтастықтың барлық бағытын кеңейтуге дайын екенін растады. Қазақ-армян қарым-қатынасын дамытудағы үлкен үлесі мен айрықша еңбегі үшін Президент оған ең жоғары мемлекеттік марапат – «Алтын Қыран» орденін табыс етті.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.