Әлем елдерінде еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдары Астанада бас қосты

Әлем елдерінде еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдары бүгін бір алаңда тоғысты. Астанада «Отандас ғалымдар» форумы өтті. Маңызды басқосуға шетелден 40-тан астам, елімізден 100-ге жуық ғалым мен сарапшы қатысты. Биылғы басқосу ғылым мен инновация саласында табысқа жеткен отандастар тәжірибесін ел дамуымен сабақтастыруды мақсат етеді.
Әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген отандас ғалымдар бүгін бір алаңда бас қосты. Алыс-жақын шетелден келген зерттеушілер жобаларын таныстырып, оларды елдің ғылыми-инновациялық дамуына қалай қолдануға болатынын талқылады. Сол бастамалардың бірі – мүгедек кісілерге кедергісіз орта қалыптастыру ұсынысы.

ҚҰРМАНБЕК ДӘУІТҚАН, ПСИХИАТР ДӘРІГЕР /ФРАНЦИЯ/:
— Жолдардың қолжетімсіздігі, жүргінші жолдардың мүгедек адамдарға бейімделмеуі, қоғамдық көліктерге мінудің қиындықтары, пойызға, автобусқа отыру қиын. Осының салдарынан мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік оқшаулану, өзін өзі төмен бағалау, депрессия сияқты көңіл күйлер болады.
Нұршат Нұражы – осыдан алты жыл бұрын Америка құрама штаттарынан атамекенге оралған нейробиолог, нейрохирург. Ол Қазақстанды медицина саласында озық елдердің қатарына қосуды мақсат етіп отыр. Заманауи технологияларды енгізу арқылы отандық фармацевтика өндірісіне жаңалық енгізуді көздейді.

НҰРШАТ НҰРАЖЫ, НЕЙРОБИОЛОГИЯ ҒАЛЫМЫ:
— Қаным қазақ болғандықтан шетелде оқып келген біліммен еңбек ету керек. Қазақстанда туылмасам да, бұл жерде білім алмасам да, менің ойлайтыным – елге келіп жұмыс істеу, Отанға үлес қосу. Екі дәріні жасап шығардық. Бесеуінің жобасын дайындадық.
«Отандас ғалымдар» форумына биыл шетелден 40-тан астам, елімізден 100-ге жуық ғалым мен сарапшы қатысты. Жиында стартаптарды қолдау, жаңа технологияларды экономикаға енгізу және бірлескен ғылыми жобаларды дамыту жолдары талқыланды.

ДАНИЯР ҚАДЫРОВ, «ОТАНДАСТАР ҚОРЫ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Болашақта ғылыми талдау сараптамалық зертеулерге көп назар аударайын деп жатырмыз. Өйткені жұмыс істеу үшін алдымен ғылыми сараптамалар керек. Ол талдаулардың есесінен болашақ жұмысымызды реттеп отырамыз.
Жалпы елімізде жас ғалымдарға көрсетілетін қолдау жылдан-жылға артып келеді. Қазір түрлі бағыт бойынша 270-ке жуық ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы ретте шетелде жүрген отандық ғалымдарды елге тарту да ерекше мәнге ие. Себебі, бүгінде әлем елдерінде шамамен 500-ге жуық қазақстандық зерттеуші еңбек етіп жүр.
———————————————