Шығысқазақстандық нейрохирургтар біліктілігін арттыруда. Жергілікті дәрігерлер Астанадан барған профессорлармен тәжірибе алмасып жатыр. Бүгінде екі өңір мамандары 20-дан астам күрделі операция жасады.
Операция бөлмесінде әр секунд маңызды. Әріптестеріне шеберлік сағатын еліміздің бас қантамыр хирургі – Ерлан Сағындықов көрсетіп жатыр. Қазір ол бітеліп қалған ұйқы артериясын ашуда. Науқас инсульт алып қалмас үшін 14 минуттың ішінде операция аяқталуы тиіс.
ЖАСҰЛАН БЕГАЛИНОВ, ҚАНТАМЫР ХИРУРГІ:
— Біз атеросклерозға байланысты сол жақ ішкі ұйқы артериясының стенозына операция жасадық. Оңай болмады. Себебі науқастың тамырлары 70 процентке дейін тарылып қалған.
Дәрігерлер диаметрі адам шашынан да жіңішке тамырларды тазартуда. Бір айда Өскеменде профессордың жетекшілігімен осындай 17 операция жасалған. Барлығы сәтті өтті. Мысалды мына сырқаттың миындағы ісікті мамандар мұрын қуысы арқылы алып тастаған. Мұндай әдістен кейін оңалту процесі айтарлықтай тез өтеді.
НАТАЛЬЯ ТКАЧЕНКО, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Енді жаттығу жасап, тезірек сауығып кетсем деймін. Бәрі жақсы болса, екі айдан соң толыққанды өмірге қайта ораламын деген ойдамын.
Соңғы 5 жылда өңірдегі мамандандырылған медициналық орталығының нейрохирургтары 15 жаңа операция түрін меңгерді. Әсіресе жас мамандар белсенді. Резидент-дәрігер Рауан Қалышбеков тәжірибе жинау үшін Семейден арнайы келген.
РАУАН КАЛЫШБЕКОВ, ДӘРІГЕР:
— Біз инновациялық операцияның 14 түрін үйрендік. Жыл сайын шамамен 1500 опенрация жасалады. Олардың қатарында интервенциялық және ашық операциялар да бар.
Айта кетейік, өңірдің жас дәрігерлері шеберлігін шыңдау үшін Еуропадағы озық клиникалардан тағылымдамадан өтуде.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.