Астанада құрылыс алаңында 15 метр биіктіктен құлап кеткен үш жұмысшының біреуі бүгін ауруханадан шықты. Тағы біреуі жансақтау бөлімінде жатыр, ал үшіншісінің беті бері қарап, палатаға ауыстырылды. Оқыс оқиғаға не себеп болғанын полиция мен еңбек инспекторлары анықтап жатыр.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Жазатайым оқиға тұрғын үй кешенінде болған. Жоғарыға көтерілген кірпіштерді тасып алмақ болған үш жігіт жеделсатыны басқанда төменге құлдилай жөнелген. Қазір сырт көзге қарағанда бұл жерде құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.
Оқиғаның қалай болғанын Ерлан Батырғалиев айтып берді. Ол – аспалы құрылыс қондырғысынан кірпішті тасып аламын деп бес қабат биіктен құлаған үшеудің бірі.
ЕРЛАН БАТЫРҒАЛИЕВ, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
— Тас әкелгенін білемін. Тасты әкеліп қойып кетті. Арғы жағын білмеймін, есімде жоқ. Есімді жиғанда ауруханада болдым. Бәрі қолдан істелген нәрселер. Сваркалары нашар болған, салмақты көтере алмай, үзіліп кеткен.
Алты күн жатып, Ерлан бүгін ауруханадан шықты. Дәрігерлер оның басын бірнеше жерден тігіп берген. Қабырғасы сынған, аяғында ісік бар. Ал ағасының жағдайы ауыр. Бір көзінен айырылуы мүмкін.
Үш жігіттің үшеуі де тас қалаушы болып жұмыс істеген. Бірақ ешбірінің еңбек шарты жоқ. Туыстарының айтуынша, құрылыс алаңында еңбек қауіпсіздігі сақталмаған.
«Енді құрылыс компаниясы жауапкершіліктен сытылып кете ме деп қауіптенеді», — жақын-жуықтары. Сондықтан қорғаушы жалдап, істі сотқа дейін жеткізбекші.
НАЗГҮЛ САҚҰБАШЕВА, ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ ТУЫСЫ:
— Құрылысшы компания бізге әлі келмеді. Бірақ екі інім объектіге барды. Барған кезде обьект басшысы: «Сендерді танымаймын, бұл баланы танымаймын, мен жұмысқа алған емеспін. Өздерің біліңдер, қатысым жоқ», — деп жауап берген.
Бір сәтте еңбекке жарамсыз болып қалған үш азамат отбасылы, әрқайсысы бала-шаға асырап отыр.
Еңбек инспекторлары бұл оқиға бойынша комиссия құрылғанын хабарлады. Полиция құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
ЭЛЬМИРА ШӘУЛЕНОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Бесінші қабаттың биігінен жұмысшылардың құлау фактісі бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Аспалы құрылыс қондырғысының құлауы салдарынан үш ер адам зардап шекті, олар медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталуда.
«Құрылыс алаңында болған жағдай бойынша сараптама нәтижесін күту керек», — дейді еңбек инспекторлары. Ол 45 күнде дайын болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.