Атырау облысы Махамбет ауданында тышқан қаптап, мектеп пен балабақшалар жабылды. Кеміргіштер тіпті үйлерге кіріп, тұрмыстық техниканы бүлдіріп, тамаққа түскен. Тұрғындар мұндай жағдайдың бұрын-соңды болмағанын айтады.
Талдыкөл ауылының тұрғыны Әзиза Мақатованың үйінде кеміргіш қаптап кеткен. Ас үй ғана емес, жатын бөлмелер де тышқанға толы. Көпбалалы ана күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалған. «Қанша улағанымен, одан нәтиже болмай отыр», — дейді ауыл тұрғыны.
ӘЗИЗА МАҚАТОВА, ТАЛДЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— У әкелдік, тышқандар оған да қарап жатқан жоқ. Кішкентай қызым қорқады. Таңға дейін ұйықтамай осы тышқаннан қорғаймыз. Өйткені тышқандар көрпе-көпшікке дейін өрмелеп шығады.
Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылында да осындай жағдай. Тұрғындар дабыл қағып отыр. 3 бірдей балабақша жұмысын тоқтатқан.
Балабақшадан бөлек екі мектептің 800-ден астам оқушысы қашықтан оқуға көшірілді. Қазір білім нысандарында дезинфекциялау, деротизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ал жауаптылар кеміргіштің қаптап кетуі былтырғы су тасқынымен байланысты», — дейді.
СЕЙІЛБЕК ЗҰЛҚАШЕВ, БЕЙБАРЫС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Су тасқынынан кейін ауыл айналасында шөп қаптады. Адамның бойынан да биік. Сол шөптердің арасында тышқандар ұялап, соның кесірінен келіп жатыр деп ойлаймыз.
Қазір Талдыкөл ауылының айналысында улау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін қала іргесінде орналасқан Алмалы ауылындағы мектеп пен балабақша қашықтан оқуға көшті. Білім беру нысандары да дезинфекцияланады. Мамандардың айтуынша, қолданатын удың адам мен үй жануарларына зияны жоқ. Ал тышқандардан алынған сынамадан қауіпті инфекция анықталмаған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.