Астаналық студенттер Кинологиялық қызмет орталығына экскурсия жасады

Бүгін астаналық студенттер Кинологиялық қызмет орталығына экскурсия жасап, қызметтік иттердің жұмысымен танысты. Қарғы баулы көмекшілердің есірткі мен жарылғыш заттарды іздеудегі дайындығын көрді. Бұл іс шара «Esirtkisiz Elorda» жобасы аясында өткізілді. Мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңсыздықтың алдын алу.
Жоғары көлік және коммуникация колледжінің студенттері кинологиялық қызмет орталығының жұмысымен танысты. Жастар иісшіл иттердің есірткі және жарылғыш заттарды іздеудегі шеберлігін тамашалады. Қарғы баулылар қорапта жасырылған затты тез арада тауып, жиналған қауымды тәнті етті.

СЫРЫМ ҚАДЫЛБЕК, ЖОҒАРЫ КӨЛІК ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:
— Иттердің қалай дайындалатыны, олардың дәрежелері, неше жылда дайын болып шығатыны – бәрі айтылды. Дәрісте иттердің есірткіні қалай табатынымен танысып шықтық.
Танымдық шара барысында студенттер кинолог мамандарға көкейіндегі сұрақтарын қойып, қоғамдық қауіпсіздіктің қалай қамтамасыз етілетінін көрді. Орталық қызметкерлері есірткі және жарылғыш заттарды иттер «ойын» әдісі бойынша табатынын айтып, жаттықтыру әдісінің қыр-сырымен бөлісті. Жалпы биыл кеден бекеттерінде қызметтік иттердің көмегімен 36 есірткі қылмысының беті ашылды.

Бұл шара «Астана жастары» ресурстық орталығының бастамасымен «Esirtkisiz Elorda» жобасы мен «Заң және тәртіп» акциясы аясында ұйымдастырылды. Оған Қазақстандық танымал спортшылар қатысып, студент жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Айталық, бұған дейін Астанадағы бірнеше колледж осындай іс-шараға қатысып, кинологиялық қызметтің жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. «Бұндағы басты мақсат – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу», — дейді ұйымдастырушылар.
———————————————