Астанада тіс емханасында көз жұмған үш жасар қыздың өліміне қатысты сот отырысы басталды. Еске сала кетейік, қайғылы жағдай былтыр қазанда болған. Дәрігерлер бүлдіршіннің бірден 18 тісін емдеу үшін наркоз қолданған. Үш жарым сағатқа созылған оперциядан кейін бала есін жимастан жан тапсырған. Жәбірленуші тарап баланың 18 тісін бірден емдеуді ұйғарған стоматолог дәрігер де заң алдында жауап беруі керек деп есептейді. Бірақ ол әлі де жұмысын жалғастырып жатыр. Қазір бұл қылмыстық іс бойынша анестезиолог қана жауапқа тартылды. Айыпталушы 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жалпы, тергеу мәліметіне сүйенсек, клиникада мерзімі өткен дәрі, сертификатсыз препарат қолданылған.
ЕРКЕБҰЛАН ШАЛҚАРОВ, ПРОКУРОР:
— Медициналық құжатта мүлде көрсетілмеген дәрілер қолданылған. Бейнежазбада кетотифен, супрастин мен кальций қолданғаны көрініп тұр. Жүрек-өкпе реанимациясының хаттамасы да жоқ. Қан қысымы да тіркелмеген, Препараттардың мөлшері көрсетілмеген. Сот медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, баланың өлімі гепоксиядан болған.
САҒЫНҒАЛИ ЕЛЕУОВ, ҚОРҒАУШЫ:
— Сот отырысына барлық маманды шақыртуды сұраймыз. Судья арызымызды қанағаттандырып, сарапшы дәйегіне сай баланың өліміне әкелген нақты себепті анықтаймыз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.