Оралда қаланың қақ ортасында орналасқан екі қабатты тұрғын үй әлі күнге еш жерде тіркелмеген. Басқару нысаны да құрылмаған. Ғасырға жуық уақыт бұрын салынған ғимараттың әбден тозығы жеткен. Ол жерде онға жуық отбасы тұрып жатыр.
АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Дәліздегі сығырайған жарық қана бұл жерде тіршілік бар екенін көрсетіп тұр. Ғимарат өткен ғасырдың 30-жылдары пайдалануға берілген. Алғашында әскери госпиталь, содан соң перзентхана болған. Қазір тұрғын үй. Бір кездері отызға тарта отбасы болса, қазір олардың басым бөлігі көшіп кеткен. Қалғандары «шықпа жаным, шықпамен» күн көріп жатыр.
Бұл үйде ыстық су жоқ. Көгілдір отын желісіне де мүлдем қосылмаған. Газбаллон жағып отырғандар бар. Өмір сүрудің жалғыз тірегі электр қуаты ғана. Осы үйдің тұрғындары ас-тамағын сол арқылы пісіреді.
НИКОЛАЙ АЛЕКСАНДРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Менен басқалары да тұрып жатыр. Екінші қабатта үнемі дауыстарын естимін. Бірақ кімдер екенін білмеймін. Мен ешкімге бармаймын, араласпаймын.
Шолпан Мамалова осы үйде 20 жылдан астам уақыт тұрып келеді. Бұл үйдің базынасын айтып талай табалдырықты тоздырыпты. Алайда сең әлі сөгілер емес. Мемлекеттік бағдарламаға қатысуға да ниеттенген. Бірақ тұрғындар тарапынан белсенділік жоқ. Қырық кісіге, қыңыр кісі қарсы. Соның салдарын қалғандарымыз тартып отырмыз дейді.
Бұл үй әлі күнге қалалық ТҮКШ бөлімінің балансына алынбаған, яғни еш жерде тіркелмеген. Ол үшін басқару нысаны құрылуы керек. «Өйтпеген күнде барлығына тұрғындардың өздері жауапты», — дейді мамандар.
НҰРДӘУЛЕТ ТӨЛЕМІСОВ, ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Бұл үйде басқару нысаны жоқ. Басқару нысаны дегеніміз – КСК, ОСИ немесе НСУ. Басқару нысаны жоқ болған жағдайда Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 34 бабы 3-ші тармағына сәйкес үйді күтіп, баптау тұрғындардың мойнына ілінеді.
Бұл үйдің мәселесі жуық арада шешімін таппайтын тәрізді. Тұрғындар төзімділік танытқанымен, әбден тозығы жеткен ғимарат уақытқа төтеп бере ала ма? Сұраққа жауап әзірге.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.