Бәйдібек ауданында өрістегі малды қасқыр қырып барады

Түркістан облысында жайылымдағы малды қасқыр қырып барады. Бәйдібек ауданындағы бірнеше ауыл жыртқыш жануардан зардап шегіп отыр. Өрістегі малға қасқыр үйірімен тиіп жатыр. Ал ауыл жұрты қас қарайғанда сыртқа шығуға сескенетін халге жеткен.
Қыс түспей жатып малға қасқыр түсіп, ауыл жұртынан маза қашты. Ауыл шетінде қора салып, жылқы бағып отырған Әтірхан Кемелбековтің бір түнде он шақты малы қасқырға жем болған.

ӘТІРХАН КЕМЕЛБЕКОВ, ШАРУА:
— Бұрын қыстай жейтін ғой, қаңтар, ақпан, наурызға дейін. Биыл ерте бастады. Екі айдың өзінде тоғызын жеді. Екі құлынды жеді. Енді құлынның барлығын базаның ішінде қамап ұстап отырмын. Кейбір кезде күндіз де жеп кетеді. Қай жерде жеп кеткенін ертеңіне іздеп тауып аламыз.

Қаратаудан түскен қасқыр малды шетінен жайпап барады. Ұсақ малдан бөлек, сиыр мен жылқыға да ауыз сала бастаған.

Ал малшылар қасқырдың кесірінен қарызға белшеден батқанын айтады. Өйткені тауда еркін жайылатын жылқыға жыртқыш үздіксіз шабуылдайды екен. Енді ол қар түскенше жайылатын малды амалсыз иелеріне қайтарып берген. Ал өзі шығын болған малдың өтемақысын төлей алмай сандалып жүр.

АЯН МЫҢБАЙ, МАЛШЫ:
— Тамыз айынан бастап 12 бас жылқымызды жеп қойды. Ірісі бар, майдасы бар. Жылдағыдан көбейіп кеткен.
Төрт түлігін қасқыр тамақтап кеткен жұрт оны ауыздықтауға шамамыз келмейді дейді. Өйткені ауылдағы бар мылтықты түгелдей жинап алған. Ал атуға рұқсат жоқ. Жеке аңшыларды жалдайын десе, қаражат тапшы.

ҚЫЛЫШБЕК ӨСЕРБАЕВ, ЖАҢАТАЛАП АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Майбұлақта да, мына жағымызда Жарықбас елді мекені бар, Қарағай, Ақтас бар, қоймай жатыр. Бір күні ол жаққа тисе, бір күні Жаңа талапқа тиіп жатыр. Далада қалып кеткен тана-торпақты қоймай жатыр.

Ауыл әкімдігінің өкілдері аңшыларды шақыруға бюджеттен қаржы бөлінбегенін айтты. Соған қарамастан, олар облыстық аңшылар қоғамына екі мәрте ресми хат жолдапты. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ. Ал аудан басшылары бұл жағдайдан бейхабар болып шықты.

БАҚЫТ ҚЫРҒЫЗАЛИЕВ, БӘЙДІБЕК АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
— Біз бүгінгі ақпаратты толық талдап, «Охотсоюз» аңшылар мекемесіне хабарласып, тиісті аңшылар жіберсе, оқ-дәрімен қамтамасыз етеміз. Осы бір апта, он күннің көлемінде тиісті координаттар бойынша оның қасқыры бар, шибөрісі бар соны ұстау, атқызу, аулау бойынша жұмыстар атқарамыз.

Жыртқыш жануар әзірге адамға шаппағанымен, шаруалар қорқынышпен күн кешіп отыр. Өйткені қасқырды тек қас қарайғанда емес, күндіз де үйірімен кезіктіргендер бар.
———————————————