Қазақстан мен Түрікменстан 11 келісім мен меморандумға қол қойды

Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті қарсы алу рәсімі өтті. Мұнан соң, Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен келіссөз жүргізді. «Еліміз Түрікменстанды стратегиялық серіктес, бауырлас мемлекет, ең жақын шекаралас көрші санайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта кетейік, мәртебелі мейман Қазақстан Президентінің шақыруымен келіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев түрікмен президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы Бердімұхамедовті «беделді саяси қайраткер» деп атап, екі ел арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан үлесіне ерекше тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақ-түрікмен қарым-қатынасының келешегі жарқын екеніне сенімдімін. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы – осыған айқын дәлел. Қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылуы көп жоспарлы серіктестігімізге тың серпін беріп, қазақ-түрікмен ынтымақтастығының жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашатынына күмән жоқ.

Соңғы 30 жылда Астана мен Ашхабад арасындағы ынтымақтастық айтарлықтай нығайды. Бүгінде тараптар арасында шамамен 70 келісім бар. Экономикалық байланыстың негізі де солар. Биылғы 9 айда тауар айналымы 360 млн доллардан асты. Қазақстан Түріккменстанға ұн, күнбағыс майы, телефон аппараттары мен металл экспорттаса, табиғи газ, көкөніс, химиялық реагенттер мен тоқыма өнімдерін импорттайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі 4 еседен асып, жарты миллиард долларға дейін ұлғайды. Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Осы арқылы аталған кәсіпорындар экономикалық байланысты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 миллион доллардан асты.
Қазіргі уақытта көлік-транзит саласы стратегиялық басымдыққа ие. Бұл орайда Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқарады. Мәселен, биылғы 10 айда жүк тасымалы көлемі 1,5 млн тоннаға жетті. Екі ел Ақтау, Құрық және Түрікменбашы порттарының әлеуетін пайдаланып, контейнер ағынын арттыруға келісті.

СНХ: БОЛАТ ӘУЕЛБАЕВ, ҚСЗИ АЗИЯ ЗЕРТТЕУЛЕРІ БӨЛІМІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
— Бұл жерде тараптар бірін-бірі қолдап келеді. Қазақстан – Түркменстан – Иран теміржолы – ЕАЭО елдері үшін тиімді бағыттардың бірі.

Қазақстан бидайын Түрікменстан нарығына экспорттаудың да әлеуеті зор. Өсімдік майлары мен сүт-ет өнімдерін жеткізу көлемін де арттыруға мүмкіндік мол. Қазақстан көп жылдар бойы түрікмен газын Қытайға тасымалдау ісінде сенімді серіктес болды. Тараптар осы жұмысты одан әрі жалғастыра беруге уағдаласты. Сондай-ақ екі ел қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін пысықтауға келісті.

АЗАМАТ БАЙҒАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
— Әуе қатынасының маңызы зор. Себебі соның арқасында азаматтардың жүріп-тұруы, мәдени және әлеуметтік мобильділікке мүмкіндік туады.

Ынтымақтастық тек экономика байланыспен шектелмейді. Қауіпсіздік мәселесі жоғары маңызға ие. Екі елдің көзқарастары мен ұстанымдары ұқсас.

СЕРДАР БЕРДІМҰХАМЕДОВ, ТҮРІКМЕНСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Саяси-дипломатиялық салада Түрікменстан мен Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ.

Келіссөздер нәтижесінде президенттер бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ал ресми делегациялар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты. Тараптар 11 келісім мен меморандумға қол қойды.
———————————————