Ретро-көлік мұражайы: ең ескі автокөліктің шыққанына бір ғасырға жуықтаған

Қонаев қаласындағы ретро-автокөлік мұражайы жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығып тұрады. Раритет көлік салонының қожайыны Мұрат Сіргебаевтың қажырлы еңбегінің арқасында ескі техникалар қайта қалпына келтіріліп, келушілердің көзайымына айналуда. Қазір ондағы техника саны жүзден асты. Мұражайға жалпы саны 60-тан астам автокөлік пен 50 шақты мотоцикл қойылған. Ескі көліктің алды 1937 жылы құрастырылған.
Мұрат Сіргебаев мұражайдағы техника тарихын бес саусағындай біледі. Өйткені оларды ширек ғасырдан бері жинап, қайта қалпына келтірумен айналысып жүр. Ол үшін шағын техникалық қызмет көрсету стансасын ашты. Мақсаты – кеңестік кезеңде құрастырылған автокөліктерді бір мұражайға топтастыру.

МҰРАТ СІРГЕБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мұражайда жоқ көліктер әлі де көп. Біз қазір соларды қызу іздестіріп жатырмыз. Соңғы кезде он шақты көлікті қайта қалпына келтірдік. Оларды металл қабылдайтын орындардан тауып алып, ортасынан кесіп, бір метрге дейін ұзарттық. Мұндай автокөліктер еш жерде жоқ.

Ретро-автокөлік мұражайына «Волга», «Москвич», «Кадиллак», «Запорожецтерден» бастап, кеңестік кезеңдегі милиция мен жедел жәрдем көліктері қойылған. Қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев мінген «Чайканы» да осы жерден көріп, тамашалауға болады. Мұнда раритет техникалармен қатар өткен ғасырда қолданылған ыдыс-аяқтар мен өзге де құнды жәдігерлер баршылық. «Оларға жай ғана экспонат ретінде қарауға болмайды. Өйткені бұл бүкіл бір дәуірдің тарихы қатталып, сақталған орын. Оны жан-дүниеңмен сезіну үшін осында келіп, өз көзіңмен көрген абзал», — дейді Мұрат Сіргебаев.

МҰРАТ СІРГЕБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бастапқыда: «Бұл өзі қалай болар екен?», — деп қатты қобалжыдым. Ең бастысы, отбасым мен ұжымым қолға алған бастамама зор түсіністікпен қарады. Міне, соның арқасында ойға алған ісіміз сәтті жүзеге асты. Мұражайға әскери техникаларды да қойып жатырмыз. Ендігі мақсат – ескі ұшақтарды тауып, қайта қалпына келтіру.

Қала қонақтары ретро-автокөлік салонындағы әрбір раритетке қызыға қарайды. Өйткені мұражай «Алматы – Өскемен» тасжолының бойында орналасқан. Сондықтан мұнда жолаушылар да ат шалдырып, аялдағанды ұнатады.

АЛМАС МҰХАММЕДИЕВ, ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Талдықорғаннан Алматыға кетіп бара жатыр едім. Ескі көліктерді сыртынан көріп қалып, осында арнайы ат басын бұрдым. Мына бұрынғы Кеңес үкіметіндегі машиналар, документтер – бәрін көріп, аралап жүрміз. Әсеріміз жақсы.

Ретро-автокөлік салонының қожайыны мүгедектігі бар азаматтардың өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысуына ұдайы қолдау көрсетеді. Ол өткен жылы омарташылықпен айналысатын тұрғынға «ЗИЛ» көлігін тіркемесімен бірге сыйлады. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге ауыр техникаларын да жіберіп тұрады.
———————————————