«Әлем әуені» фестивалі түркі халықтарының өнерпаздарын бір сахнада тоғыстырды

Астанада «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі гала концертпен қорытындыланды. Екі күнге жалғасқан фестивальде бауырлас елдердің ортақ мәдени мұрасы бір сахнада тоғысып, рухани байланысын тереңдете түсті.
Сахна сыртында қызу дайындық. Дәстүрлі аспап шеберлері мен өнер иелері әзірліктерін пысықтап жатыр. Солардың бірі – Түркиядан келген өнерпаз Серкан Гуналчыныз.

СЕРКАН ГУНАЛЧЫНЫЗ, ЭТНОМУЗЫКАНТ /ТҮРКИЯ/:
– Мәдениет пен тіліміз, ортақ мұрамыз арқылы түркі халқының тамыры бір екенін көрсетеміз. Менің қолымдағы көп шекті ұлттық шертпелі аспап қазақтың жетігеніне өте ұқсас.

Бұл шара – түркі халықтарының мәдени мұрасын, дәстүрлі өнерді заманауи форматта дәріптеуге арналған ауқымды мәдени басқосу. Астана қаласы әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ұйымдастырған фестивальге Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Мажарстаннан келген өнерпаздармен қатар қазақстандық орындаушылар да өнер көрсетті. Көрермен назарына дәстүрлі әндермен бірге этно-заманауи бағыттағы жаңа туындылар ұсынылды.

«Әлем әуені» фестивалі бауырлас елден келген алпысқа жуық өнер зерттеушісі мен ұлттық аспап шеберін бір сахнада тоғыстырды. Олар музыкалық аспап жасаудың қыр-сырымен бөлісті. Фестиваль аясында Түркі дүниесінің музыкалық шеберлер одағын құру туралы шешім қабылданды.
Кеш бағдарламасы этно-заманауи бағыттағы жаңа шығармамен толықтырылып, көрерменге түркі руханиятының біртұтас әуенін паш етті.
———————————————