Мамлютка халқы бірнеше күн бойы сусыз отыр

Солтүстік Қазақстан облысында бүтін бір қала тұрғындары тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Айтуларынша, Мамлютка шаhарында проблема биыл басталған. Жуырда мұнда 5 күн бойы су болмапты. Салдарынан кейбірі оны сатып алуға мәжбүр болғанын айтады. Халық қалада тұрсақ та өркениет игілігінен жұрдаймыз деп ашынуда.
Мамлютка қаласы облыс орталығынан 40 шақырымдай ғана жерде орналасқан. Бүгінде мұнда шамамен 7 мыңнан астам адам тұрады. Құбырдағы қысым төмендеп, су мүлдем тоқтап қалатын кездер мұндағы тұрғындардың бас ауруына айналған.

НИКОЛАЙ ТКАЧЕНКО, МАМЛЮТКА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бір апта өте қиын болды. Әсіресе демалыс күндері. Себебі өзіміз жуынуымыз керек. Балаларды мектепте дайындау қажет. Су болмаған соң, біраз әбігерге түстік. Жалпы жаздан бері осындай жағдай. Құбырлар бірінен соң бірі жарылып жатыр.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, мәселенің туындағанына жарты жылға жуықтапты. Әсіресе кішкентай баласы барларға қиын. Сондықтан мұндағыларға су Петропавлдан арнайы көлікпен тасымалданған. «Оның өзінде көбіне жетпей қалды», — дейді қараша халық.

СВЕТЛАНА СМИРНОВА, МАМЛЮТКА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Құдықтан алып, тасыдық. Тазасын дүкеннен сатып алдық. Әкімдіктегілерден сұрасақ: «Өзіміз сусыз отырмыз», — деді. Менің науқас балам бар. 5 күн бойы жуындыра алмадым.

ЕВГЕНИЯ ЗАПОРОЩЕНКО, МАМЛЮТКА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Көбі құс-мал ұстайды. Кішкентай балалар бар. Ыдыс жуа алмай қалатын кездер болады. Қалада тұрсақта әлі күнге көшеде шелекпен су тасып жүрміз.

Билік өкілдері судың жиі тоқтауын «Преснов» топтық су құбырының қайта жаңғыртылуымен байланыстырады. Айтуларынша олар халықты алдын ала ескерткен. Сондықтан мұндай жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды.

ТЕМІРЛАН МАМАШӘРІПОВ, МАМЛЮТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— «Новомихайловка» ауылында сорғы станциясы құбырға қосылды. Бұл жұмыс бірнеше күнге созылды. Қазір ол толығымен күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондықтан осындай жағдайлар болып тұрады. Ал Мамлютка қаласында да желілер жаңаланады. Ол үшін үш жоба жүзеге асуда.

Қазір қаладағы су құбырының жалпы ұзындығы 80 шақырымға жуықтайды. Оның 60 проценті тозған. Сондықтан оны жаңалау үшін ел қазынанан 3 миллиард теңге қарастырылып отыр.
———————————————