Ақтөбе әкімдігі облыстық әкімдік ғимаратының тура алдында орналасқан субұрқақты жөндеуі тиіс болған мердігер компанияны сотқа берді. Мекеме жұмысты уақытында аяқтамағандықтан, қала орталығы қазір сәнінен айнып тұр. Субұрқақтың қашан іске қосылатынын әріптесім анықтап көрді.
Ақтөбенің басты даңғылында, облыстық әкімдіктің дәл алдында орналасқан субұрқақ биыл жаз бойы жұмыс істемеді. Себебі мердігер жөндеу жұмысын уақытында аяқтай алмады. Оған жұмыстың мамыр айында басталғаны да әсер етуі мүмкін. Не дегенмен жөндеу тоқтап қалды. Қазір Абай саябағындағы көрініс көңіл көншітпейді. Үш субұрқақ темір шарбақпен қоршалған, айналасында кірпіштер шашылып жатыр, ал жыбырлап жүрген адам жоқ. Бұл нысанды жаңартуға 201 миллион теңге бөлінген.
Ақтөбе әкімдігі жөндеуге жауапты Түркістан облысындағы компанияны сотқа берді. Әкімдік бұл мекемені жауапсыз мердігер деп тануды сұрап отыр. «Ал субұрқақты келер жылы басқа мердігер компания аяқтайды», — дейді билік өкілдері.
ТАЛҒАТ НАУРЫЗОВ, ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:
— Ақтөбе қаласында 22 фонтан бар. Соның ішінде 19 субұрқақты толық консервациялау жұмыстарын аяқтадық. Мамыр айында Абай саябағындағы фонтанға конкурс жүргізіліп, мердігер анықталған болатын. Мекеме «ЮвонЭлектроСтрой» ЖШС жұмыстарды уақытында аяқтамауына байланысты сотқа берілген.
Тағы бір істемей тұрған субұрқақ жасыл желекті гүлзарда орналасқан. Бұл да қала тұрғындарының сүйікті демалыс орынының бірі. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша конкурсқа дайындық жүргізіліп жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.