Астанада 62 млн теңгеге жөнделген көпқабатты үйдің сапасы сын көтермейді

62 млн теңгеге жөнделген көпқабатты үйдің сапасы сын көтермейді. «Жетінші арна» редакциясына шағымын айтып келген астаналық тұрғынның жанайқайын тілшіміз Гүлвира Сейтен барып көріп келді. Шынымен, шатырынан су ағып, қабырғасы көгеріп тұр екен. Терможаңғырту бағдарламасымен ай сайын төлем жасайтын тұрғындардың мәселесін билік қалай шешпек?
Бесінші қабатта тұратын Сәндіқыз Құралбаеваның үйін жақында жауған жаңбырдан кейін су басқан. Пәтердің қазіргі жағдайын көрсең жаның ашиды. Төбесі түсіп, қабырғалар бүлінген, жиһаздың быт-шыты шыққан. Төбеден әлі су сорғалап тұр.

СӘНДІҚЫЗ ҚҰРАЛБАЕВА, АСТАНА ТҰРҒЫНЫ:
— Бізге жазда: «Әкімдік жөндеу жасады, төбені жауып берді», — деді. Содан кейін мен үйіме жөндеу жұмысын жасадым. Енді бәрі бекерге кетті.

Шатырдан аққан су үшінші қабаттағы пәтерлерге дейін жеткен. Көршілерде дәл осындай жағдай. Мына үйдің қабырғасы қақырай бастаған. Жалғыз өзі тұратын қарт кісінің басқа барар жері жоқ.

Қарт анасымен бірге тұратын Вера Гордеева да үйдегі бүкіл дүние-мүлікті су тиген қабырғадан алыстатып әлек. Тамшылап тұрған жердің бәріне табақ қойған. Сыз тартқан қабырғалар көгере бастады.
Жөндеу жұмыстары «Өркен қала» тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілген. Алайда сапасы күмән тудырып отыр Тұрғындар шатырға шығып, төбенің қалай жабылғанын қараған.
Бағдарлама операторы – «Өркен қала» компаниясы өкілінің айтуынша, бұл үйде күрделі жөндеу 2020 жылы 62 миллион теңгеге жасалған. «Тұрғындардың шағымымен 21 қараша күні сол үйге бардық, жағдайды өз көзімізбен көрдік», — дейді жауапты маман. Жаңбыр суынан 14 пәтер зардап шеккен. «Шатырдан келген шығынды жөндеу жасаған мердігер өтейді», — деді ол.
ДАНИЯР СӘПИЕВ, «ӨРКЕН ҚАЛА» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазір шатырдағы кемшіліктерді жою жұмыстары басталды. Ол жерде мамандарымыз жұмыс істеп жатыр. Іс материалдарын сотқа береміз. Мердігер мекеме кемшіліктерді жойып, шығынды өтеуі тиіс.

Біз барғанда шатырды жөндеп жүрген ешбір маман көрінбеді. Бүгін де тұрғындар ешқандай жұмыс істелінген жоқ деді. Ал «Өркен қала» компаниясының өкілі мамандар шатырдың бір жерін әдейі тесіп, төбедегі жаңбыр суын ағызып жібергенін, бүгін бәрін қалпына келтіретінін айтты. Айта кетейік, биыл үй қорын жаңғырту бағдарламасы бойынша 25 көпқабатты үй жөнделген.
———————————————