Павлодар облысында көкөніс өсірудің тың тәсілі енгізілді. Бұған дейін жылыжайларда өнімге зардап келтіретін зиянкестермен күресу үшін негізінен химиялық препараттар пайдаланылатын. Енді жергілікті мамандар өсімдіктерді қорғаудың мүлде басқа, биологиялық әдісін ұсынып отыр. Бұл қандай жаңашылдық?
Биотехнолог Ангелина Сушина Екібастұздағы ірі жылыжай кешенінде 4 жыл еңбек етеді. Жас маман зиянкестерді жоятын пайдалы жыртқыш жәндіктерді көбейтумен айналысады. Мәселен, мына 4 миллиметрлік жәндік макролофус деп аталады. Ол дақылдарды экологиялық таза жолмен өсіруге мүмкіндік береді.
АНГЕЛИНА СУШИНА, ЗЕРТХАНАШЫ:
— Макролофус – жылыжайдағы негізгі зиянкестерді жоятын пайдалы жәндік. Өсімдіктерді зиянкестерден химиялық емес, биологиялық жолмен қорғау экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік береді.
Жәндік қызанақ, бұрыш, қияр сынды түрлі дақыл өсіргенде қолданылады. Елімізде енгізіліп жатқан әдіске сұраныс бар. Ангелина Сушина зертханалық тәжірибесін өндірісте сәтті қолданып жүр.
АНГЕЛИНА СУШИНА, ЗЕРТХАНАШЫ:
— Жәндіктерді өсіру процесін бақылаған қызық. Бұрын энтомофагтарды сырттан арнайы компаниялардан сатып алатынбыз. Енді өзіміз де нарықты толық қамтамасыз ете аламыз. Қазір жыртқыш кене өсіру жобасын да бастап жатырмыз.
Бұл ауылшаруашылығы үшін тың мүмкіндік. «Өйткені зиянкеспен күресудегі биологиялық тәсіл өнім сапасын арттырып, экологиялық қауіпсіз етеді», — дейді мамандар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.