Елордада студенттерге арналған есірткіге қарсы профилактикалық акция өтті

Елордада есірткі қолдану дерегі азаймай тұр. Әсіресе жастар арасында. Осыған байланысты полиция өкілдері ауқымды профилактикалық шараны қолға алды. Оған танымал спортшылар мен блогерлер тартылды. «Жастарды есірткіден аулақ болуға үгіттеуде олардың сөзі өтімдірек», — дейді құқық қорғаушылар. Осындай акция Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде өтті.

Жастарды жай лекция оқып, есірткіден алыстата алмаймыз қазір. Нашақорлықтың қаншалықты зиян екенін полиция олардың табынатын, әлеуметтік желіде көз алмай қарайтын, қоғамдық өмірде, спортта белсенді жандардың, блогерлердің көмегімен жеткізбекші. Зілтемір көтеруші Илья Ильин, боксшы Ангелина Лукас бастаған спортшылар уақыт бөліп, жастармен кездесті. «Саналы ересектер жан-жақтан айта берсек, балаларымызды бұл кеселден қорғап қалар едік», — дейді танымал спортшы Илья Ильин.

ИЛЬЯ ИЛЬИН, СПОРТШЫ:
– Кезінде менің де алдымда екі жол тұрды, бірақ мен ақ жолды таңдадым. Отбасым, елім үшін алға басамын, нәтиже көрсетемін дедім. Бірақ менің достарымның арасында есірткі мен ішімдікті таңдағандар болды. Өкінішке қарай, олардан айырылып қалдым. Дұрыс жолды таңдаңдар! Жастарға айтарым – сол.

«Астана – есірткісіз қала» жай ұран емес, ол – полицияның жұмысы. Бірақ шаһарды есірткіден тазалау – қоғамның да міндеті. Мұндай ойды каратэші Нұрсұлтан Әлиақбаров айтты. Үйлердің қабырғасында, қоршауларда, телеграмда қаптап кеткен есірткі жарнамасы проблеманың тереңге кеткенін аңғартады. «Жастар үшін нашаның құрбаны болмаудың бірден-бір жолы – спорт», — деді спортшы.

НҰРСҰЛТАН ӘЛИАҚБАРОВ, СПОРТШЫ:
– Нашақорлардың 70 пайызы есірткіні 14-22 жас аралығында қолданып көреді. Демек, сіздер тәуекел тобындасыздар. Бірақ бұл тізімде спортшылар 20 есе аз. Неге деп ойлайсыздар? Себебі спортшылардың өз дофамині бар, ол – жеңіс, спортшылар жаттығудан да дофамин алады. Сондықтан спортпен айналысыңыздар, бұл – жаман әдеттерден қорғайтын ең жақсы амал.

НУРИС ТҰРДЫМҰРАТОВ, СТУДЕНТ:
– Мұндай заттарға жоламау керек. Ол тек денсаулығыңды бұзбайды, қоршаған ортаны, отбасыңмен байланысыңды бұзады. Басқа да зиянды заттарға алып келеді. Соңы жақсы болмайды.

Статистика көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері бас шаһарда 1 мың 100-ден астам есірткі қылмысы тіркелген. Ұсталғандар арасында кәмелет жасына толмаған балалар да бар.

ДАМИР БАЙБАЗАРОВ, ПД АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
– Биыл 17 жасөспірім есірткімен ұсталды. Былтыр да солай болған. Өткен жылы заңсыз айналымнан 300 келі есірткі алынса, биыл 460 келіден астам есірткі тәркіленді.

Медиа тұлғалар қатысатын мұндай шараны полиция әр университетте өткізуді жоспарлап отыр. Жыл басынан бері 600-ден астам акция өткен. «Астана жастары» ұйымымен бірлесіп, елорда полициясы Астана көшелерінде есірткі жарнамасы жазылған 2500-ден астам граффитиді жойған. Есірткі туралы ақпарат тарататын сайттар бұғатталды.
———————————————