Қарағанды тұрғындарды тойхана иесі алдап кеткен

Қарағандыда тұрғындар: «Алаяқтың құрбаны болдық», — дейді. Мейрамхана иесі олардан тойларын өткізіп беремін деп алдын ала ақша алған. Келісілген күні меймандар ішке кіре алмаған. Қонақ қарсы алудың орнына тойхананың есігіне құлып салынған. Той иелері енді төлеген ақшаларын да қайтарып ала алмай жүр.

Ондаған қарағандылық полицияға шағымданды. Олар барлық сән-салтанатымен той өткізіп берем деп сан соқтырған кәсіпкерге қылмыстық іс қозғауды сұрайды. Қуанышын тойламақ болған тұрғындарға банкет, фотоаймақ жасап, дастархан жайып беремін деген мейрамхана жабық тұр.

ЗЕЙНОЛЛА МАХАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
– Тойға бір апта қалған кезде осы ресторан жабылып қалғанын білдім. Енді ақшамды қайтармай отыр. Сотқа берейін десең, өзімді қорқытады.

Алданғандар ақыр соңында тойды мүлдем шегеруге мәжбүр болған. Себебі басқа орынға төлейтін ақшалары таусылған. Бірақ тойға деп алған несиелерін төлеуге тура келеді. Ал мейрамхана иесі өз қызметі туралы жарнамалауды жалғастырып жатыр. Қызын ұзатпақ болған Ақару Рахман да осы жарнамаға сеніп қалған. Алдын ала бір миллион жарым теңгесін төлеп, ағайын-туысқа шақыру билетін де таратып қойған. Белгіленген күні өзінің алданғанын бір білген.

АҚАРУ РАХМАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
– Түс ортасы болды. Қонақты қарсы алмақ болдық. Ештеңе дайын емес. Асханасы алқам-салқам. Иесі де жоқ. Белгілеген уақытты үш сағатқа шегеріп, өзге тойхана іздеп кеттік. Арзан дегенге сенгенбіз. Есесіне екі есе қымбат төлеп, 3 миллион теңгемізді жұмсадық.

Тұрғындар өздерінің қаражатын түгел қайтарып алуға ниетті. Ал кәсіпкер ешкімді алдағаным жоқ. Ақшаларын кері қайтарамын, бірақ бірден емес деп сендірді.

АЛМАГҮЛ, КӘСІПКЕР:
– Сіздерге хабарласқан адам той басталғанға дейін кетіп қалғандар. Осыдан кейін барлық Қарағандыға осындай ақпарат таратты. Тойдан бәрі бас тарта бастады. Соңында өзім банкрот болдым, қарызға баттым. Ешқайда қашпаймын, ақшаларын қайтарып беремін. Бірақ, кешіктіріп. Себебі менің де жұмысым тоқтап тұр.

Қазір тергеу басталды. Шағымданғандар 30 миллион теңге шығынға батқан.
———————————————