Жоламан кентінде үйлер құлаудың аз-ақ алдында тұр

Семей шетіндегі Жоламан кентінде жағдай ушығып тұр. Әбден тозығы жеткен үйлер құлаудың аз-ақ алдында. Іргетасы отырып, қабырғасы қақыраған баспаналардың тұрғындары күн сайын, үреймен өмір сүруде. Кейбір отбасылар тіпті үйінің төбесі ортасына түсіп, далада қалған.

Жоламан кентіндегі бұл үйлердің іргетасы бір ғасырға жуық уақыт бұрын қаланған. Сазбалшықтан соғылған ескі баспаналардың бүгінде күйі мүшкіл. Кей үйлердің іргесі шөгіп, қабырғасы сыз тартып, сылағы опырылып жатыр. Сай-сала бойынан сорғалаған су да жағдайды одан сайын ушықтырған. Қазір бұл жерде тұратын тұрғындар үйлеріне кіруге қорқады. Себебі күн сайын тағы бір қабырға құлап, төбе ортасына түсуі мүмкін. Кей отбасылар паналаған шаңырағынан айырылып, туыстарының үйін жағалауға мәжбүр.

Барар жері, басар тауы қалмағандар шұрық-тесік қабырғаны өз күшімен жамап отыр. Алайда ескі үйлердің төбе жабындысы шіріп, кез келген сәтте опырылып түсуі мүмкін.

Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері апатты үйлердің мәселесі тек арнайы рәсім арқылы ғана шешіледі дейді. Тұрғын үйдің адам тұруға жарамсыз екенін анықтау үшін тұрғындар өздері өтініш жазуы тиіс. Ал жаңа баспана алу үшін кезекке тұру Отбасы банк арқылы жүргізіледі.

ӘДІЛЕТ ҚОЖАНБАЕВ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
– Бұл мәселені шешудің заңды бір-ақ жолы бар. Ол – баспана беру және кезек тұру үшін Отбасы банкке бару. Өздеріңіз білесіздер, 2025 жылдың мамыр айынан бастап кезекке қою, реттеу мәселесі жергілікті атқарушы биліктен Отбасы банкке берілген.

Әкімдік алдағы уақытта Жоламан кентін көркейтуге инвестор тарту жоспарланып отырғанын айтады. Жеке секторлы жаңа үйлер салу да жоспарда бар. Жерге шөгіп, шаңырағы ортасына түсіп жатқан апатты үйлердің иелеріне көмек көрсету мәселесін де қарастырмақ.
———————————————