ҰҚШҰ саммитінде ұйымның жаңа Бас хатшысы бекітілді

Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы саммитінде ұйымның жаңа Бас хатшысы бекітілді. Бұл қызметке Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадыков тағайындалды. Ол 2026 жылы 1 қаңтардан бастап үш жылдық міндетіне кіріседі. Таалатбек Масадыков бұл қызметте 2023 жылдан бері Бас хатшы болған Иманғали Тасмағамбетовті алмастырады. Саммитке қатысушылар қазіргі Бас хатшыға атқарған жемісті еңбегі мен ұйымға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Ұйымның төрағалығы келесі жылы Ресейге өтетіні белгілі болды. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы бүгін өтті. Оған еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан басшылары өңірлік қауіпсіздіктің маңызды мәселелерін талқылап, жылды қорытындылады, келесі жылғы басымдықтарды айқындады.
———————————————