Бүгін Freedom Media платформасында көпшілік асыға күткен «МҰНАЙ» криминалдық драмасының премьерасы өтті. Сериал 90-шы жылдардың күрделі кезеңінде мұнай үшін талас, билікке ұмтылыс және еркіндік жолындағы күресті баяндайды.
Жұмыссыздық белең алған, көше төбелестері жиілеген кезең. Сол уақытта мұнай жай ресурс емес, нағыз биліктің валютасына айналды. Оқиға «спортшылар» тобына жетекшілік ететін Аманның төңірегінде өрбиді. Ол қылмыстық ортадан құтылып, ірі мұнай бизнесіне қадам басуға бел буады. Алайда мұнай қаруға айналған дәуірде тағдырын өзгертуге жасалған кез келген талпыныс өміріңнен айыруы мүмкін.
ДАРХАН ТӨЛЕГЕНОВ, РЕЖИССЁР:
– Бұл тақырып мені әрдайым қызықтыратын. Оның үстіне өзі де өте танымал бағыт, сондықтан 90-жылдар тақырыбын қайта қарап, оны басқа қырынан көрсету керек деп ойладым. Яғни адамның ішкі күйіне, оның не сезінгеніне, сол кезеңді қалай өткергеніне және ақыры бәрі қандай нәтижеге алып келгеніне көбірек мән бергім келді.
Қылмыстық топтардың тартысы, мұнай ағымы үшін күрес және адамдардың тағдыры сол кезеңнің шынайы ахуалын көрсетеді. Посткеңестік дәуірдің атмосферасын барынша дәл жеткізу үшін түсірілімдер Маңғыстау облысында – Ақтау мен Жаңаөзен маңында өтті.
ӘЛІШЕР УТЕВ, FREEDOM MEDIA БАС ПРОДЮСЕРІ:
– Біз үшін, 90-жылдарды көрген буын үшін, ол кезең – өте ерекше, тіпті көңілге ауыр тиетін уақыт. Ол кезде көп мүмкіндік болмады. Бұл бізге әрі оң, әрі теріс тұрғыда қатты әсер етті. Сондықтан мен жалпы осы тақырыпты зерттегенді жақсы көремін. Қазір мұндай мазмұн өте көп болғандықтан, көрерменге көбіне тек шынымен мықты дүниелер ғана жетеді. Біз жасаған сериал да сондай жүрекке жақын дүниенің бірі болады деп үміттенемін.
Туынды авторларының айтуынша, «MŪNAI» – бұл тек мұнай мен қылмыс туралы хикая ғана емес, өтпелі дәуірдегі адам тағдыры жайлы әңгіме. Сериалдың премьерасы бүгін Freedom Media платформасында өтті.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.