Мектеп асханасында шикі тамақ беріледі. Петропавлдағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы оқушыларының ата-аналары осылай деп дабыл қақты. Балалардың іші өтуі жиілеген. Тіпті осыған дейін ыстық тамақтан құрт табылыпты. «Дегенмен білім бөліміндегілер әзір ешқандай шара қолданбай отыр»,- деп ашынады.
Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында 1100-ден астам оқушы бар. Ата-аналар болса білім ұясының асханасын шұғыл тексеруді талап етіп отыр. Өйткені балалардан шағым көбейген. Тіпті астан уланған кездер де жиілеген.
ЖАНАР АМАНЖОЛОВА, ТҰРҒЫН:
— Балам мүлдем тамақ ішпейді. Тек нан мен шай ішеді. Дәмді емес деп айтады. Осында тамақ ішкеннен диарея болды. 3 күн ауырып, үйде жатты.
Ашуға булыққан жұрт мектеп алдына жиналды. Айтуларынша ыстық тамақтан құрт шыққан кездер де болған. «Мәселенің туындағына бірталай уақыт өтті. Бірақ жауаптылар әзір еш шара қабылдамай отыр», — дейді ата-аналар. Тіпті оқушылар шикі тағам тұтынуға мәжбүр.
ЖӘЗИРА ЗАКАРИЯНОВА, ТҰРҒЫН:
— Құрттарынан бөлек, міне, шикі бәрі. Ішін ашсаңыз, шикі. Балалар тамақ ішпейді.
Асхананы жалға алған мердігер камераға сұқбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Тек мектеп әкімшілігінің бар көздегені бизнеске кедергі келтіру деп қысқа қайырды. Ал қалалық білім бөліміндегілер әзір ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын айтады.
ДИНАРА РАҚЫШЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Біз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметіне хат жолдадық. Тексеріс жүргізген мамандар ешқандай олқылықты анықталмады деп шешім шығарды. Алайда ата-аналардың арызынан кейін кәсіпкерге ескерту жасалды. Енді бір айда жағдай тұрақталмаса, сотқа жүгінеміз.
Айта-айта жауыр болған сұрақтың шешілетініне ата-аналар күмәнмен қарайды. Сондықтан тексеріс ашу үшін прокуратураға арызданбақ. Ол үшін қазір жаппай қол жинау жұмыстары басталды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.