Абай облысында билік өкіліне қол көтерген екі азамат 10 жылға сотталды

Абай облысында төбелеске қатысқан екі азамат 10 жылға сотталды. Оларға билік өкіліне дене зақымын келтірді деген айып тағылған. Сотталғандардың туыстары үкімді тым қатал деп санайды. Бастапқыда оларға үш жыл жаза берілген. Алайда жәбірленуші тарап шағым түсіріп, тергеу қайта жүргізіледі. Сөйтіп, мерзім он жылға ұзартылған.
Осыдан екі жыл бұрын күзде Үржар ауданының екі тұрғыны Қытайдан үйлеріне келе жатады. Туыстарының айтуынша, шекарадан өтер кезде оларды «Бақты» кеден бекетінің қызметкері «ереже бұзды» деген желеумен тоқтатады. Ескерту беріп, босатады. Бірақ кешке сол офицер екеуін үйіне шақырады. Арада төбелес болып, күдіктілер жазаға тартылады.

БАЛҒЫН ДӘУЛЕТХАНОВА, СОТТАЛУШЫНЫҢ ӘЙЕЛІ:
— Хаттама ештеңе толтырмағаннан кейін, ақша алу мақсатында үйіне шақырады. Ол жерде хаттама толтырып, бастыққа айтып басқа шараларды қолданса, бұндай қылмыстық іс те болмайтын еді, жәбірленуші тарап таяқ жемеуші еді. Менің күйеуім 10 жыл арқалап кетпейтін еді.
Алғашқы инстанциядағы сот екі күдіктіні билік өкіліне «қауіп төндіру немесе күш көрсету» бабы бойынша кінәлі деп таниды. Офицердің жағын сындырғаны үшін үш жылға соттайды. Айыпталушылар екі млн теңгеден астам шығынды да өтейді. Сотталғандардың біреуі – Нұржан Амантаев жазаны жартылай өтеген соң, шартты түрде уақытынан бұрын босатылады. Бірақ бостандықта көп болмайды. Оның туыстарының айтуынша, зардап шегушілер қайта шағымданып, жазаны қатаңдатуға қол жеткізеді. Сөйтіп, оған 10 жыл үкім кесіледі.

Сотталғандардың туыстары зардап шегушілер тарапынан тергеушілерге қысым болды деп есептейді. Дәл осы істі тергеумен айналысқан бұрынғы полиция қызметкері де осылай деп отыр.

Біз жәбірленуші тараппен байланысқа шығуға тырыстық. Алайда бұл мүмкін болмады. Қалай болған күнде де, бұл іс бойынша үкім заңды күшіне енді және ол орындалады. Ал сотталғандардың туыстары істің қайта қаралуына күш салмақ.
———————————————