Атырауда «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үйлерге қатысты дау шықты

Атырауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған үйлердің сапасына қатысты дау шықты. 2018 жылы қолданысқа берілген баспаналардың қабырғасы мен іргетасы жарылып, тұрғындардың үрейін туғызған. Мәселе шешілді ме?
«Талқайраң-2» шағын ауданындағы тұрғындардың жайы осы. 5 жыл бұрын баспаналы болдық дегендердің қуанышы су сепкендей басылды. Мемлекеттік бағдарламамен салынған 48 үйдің қабырғасы мен іргетасы жарылған. Жаңбыр жауса, төбеден су ағады. Жылда жамап-жасқағанымен мәселе шешілер емес. «Енді үйіндінің астында қаламыз ба», — деп қорқып отыр.

Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметінше, қазір арнайы жұмыс тобы құрылған. Сапасыз салынған үйлерге техникалық сараптама жасалады. Соның нәтижесіне сәйкес шешім қабылданады.

АРНАТ ОҢДАСЫНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Қалалық әкімдік тарапынан жұмыс тобы құрылды. Оның ішінде үшінші тарап, қаладағы белгілі эксперттер, сарапшылар, техникалық қадағалаушылар қосылған болатын. Қазіргі таңда мердігер мекемелердің толықтай инженерлік-техникалық құжаттамаларына тексеріс жүргізілуде. Оның барлығы да «КазНИИСА» мекемесіне тексеруге, қосымша техникалық сараптама жүргізуге ұсынылады.

Құрылысты жүргізген мердігер мекеме 2023 жылы қабырғасы мен іргетасы жарылған 2-3 үйді жөндеді. Бірақ ақау қайта шыққан. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, жобалау кезінде қателік кетуі мүмкін.

Үйіндінің астында қаламыз ба деп үрейленген тұрғындар полиция департаментіне арыз жазған. Қазір осы мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

МЕЙІРІМ ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Атырау қаласындағы тұрғын үйлердің сапасына қатысты тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-шағымға байланысты қылмыстық іс тіркелді. Оқиғалардың барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне жариялауға жатпайды.

«Даулы мәселе жан-жақты зерттеледі», — дейді жауаптылар. Ал тұрғындардың техникалық сараптама қорытындысын күтуден басқа амалы жоқ. Бұдан бөлек «Береке» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің де сапасына қатысты бейнежазба әлеуметтік желіде таралып жатыр. Жергілікті әкімдік бұл үйлердің де назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
———————————————