Ал Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 200-ге жуық оқушының тағдыры көпті ойландырады. Өйткені Ақбастау ауылындағы жалғыз білім ордасы құлағалы тұр.
Үш ғимараттан тұратын мектепте 200-ге жуық бала оқиды. Ауыл тұрғындары өткен ғасырда асарлатып тұрғызған алғашқы ғимарат қазір апатты деп танылған. Әйтсе де онда әлі әскери дайындық сабақтары өтіп, кітапхана жұмыс істеп тұр. Мектепті жылыту үшін әлі күнге дейін от жағады. Нысанның қабырғалары үгітіліп, қирайын деп тұр.
Негізі ғимараттың да жағдайы мәз емес. Сыныптар тым тар, балалар бір-біріне сығылысып оқуға мәжбүр. Амалдың жоқтығынан мұғалімдер дәліздің соңын кабинетке айналдырып алған. Ал спорт секциялары өтетін залдың жағдайы тіпті қорқынышты – төбесі ойылып, жаңбыр жауса су сорғалай ағады. Теректен салынған едені әбден шіріп, жарамай қалған.
Балалар әжетханаға далаға шығатын көрінеді. Ал тамақ ішетін асхана жолдың келесі бетіндегі ескі ғимаратта орналасқан. Аспаз өткен ғасырдан қалған пешке балаларға ыстық тамағын жасап береді. Бұл жағдай туралы ата-аналар: «Аудан-облыс әкімдігіне бірнеше жылдан бері айтып келеміз», — дейді, бірақ осы күнге дейін бір мардымды жауап алмапты.
ЗУХРА ДЕМЕУОВА, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Төбесі түсейін деп тұр. Қирап тұр. Тамақ ішетін жердің төбесі түсіп тұр, сол жерде балалар тамақ ішеді. Пешті отпен жағады. Ұлы сөздің ұяты жоқ, іште әжетхана жоқ, сыртқа шығады, баланы жіберуге қорқамыз.
Бұған дейін ауылда мектеп салынады деп екі рет жобалық-сметалық құжат дайындалып, бірақ мерзімі өтіп кетіпті. Білім бөлімінің өкілдері келер жылы дәл ескі мектеп жанынан жаңа білім ошағы бой көтеретінін айтты.
ГҮЛНҰР ӘБІЛҚАСОВА, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.:
— 2026 жылы салу жоспарлануда, құны 1,2 млрд теңге. 2 гектар жер берілген, тура осы жерге 150 орындық мектеп салынады.
Мұндай жаңалық ауыл тұрғындарын қуантты әрине, себебі, енді көрші ауылдарға сабылып жүрген балалар өз ауылында-ақ білім ала алады. Дегенмен келер жылға дейін тар әрі суық сыныптарға шыдауға тура келеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.