«Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңге бөлінеді

«Ауыл аманаты» бағдарламасына алдағы үш жылда 600 миллиард теңге бөлінеді. Кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындары осы мүмкіндікті пайдаланып қалуы керек. Бүгін ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Президент ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беруді тапсырды. «Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның айтуынша, бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Мұндай кооперативтерді қазір бірнеше адам құрып алған. Бірақ олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүр. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. «Бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі», — деді Президент.
Мемлекет басшысы халықтың сенімінен шықпай отырған әкімдерді сынға алды. «Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші», — деп олардың міндетін еске салды Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Өтініш жолдаған әрбір адамның сауалына нақты жауап берілуге тиіс. Әдетте, мұндай хаттардың көбі аймақтағы инфрақұрылым, соның ішінде, жол, аула және балалар алаңы туралы болады. Бұл – жергілікті жерде шешімін табуға тиіс негізгі мәселелер. Бірақ әкімдіктер көп жағдайда мұндай өтініштерге атүсті қарайды. Амалы таусылған жұрт орталыққа, тіпті Президент Әкімшілігіне шағымдануға мәжбүр. Азаматтардың өз әкіміне деген сенім деңгейін осындай хаттардың санынан байқауға болады.
———————————————