«Екі ғұмыр»: Музыкалық жас көрермен театры жаңа әлеуметтік драмасын ұсынады

«Екі ғұмыр». Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрындағы кезекті қойылым осылай аталады. Әлеуметтік драма жанрындағы жаңа спектакль көрермені де балалар болды. Енді ғана шымылдығын түрген қойылымның мазмұны салмақты.
Бұл – ел алдында бәлендей беделі бар, өз ортасында Жұмағұл Садуақасович деп сыйлайтын қоғам қайраткерінің отбасындағы драма. Ұл мен қыз өсіріп отырған ата-ана балаларына бар-жоқты білдірмей өсіріп, келешегі кемелді болатынына шын сенген. Бірақ олар өсе келе ата-анасының уысынан шығып, нағыз тәрбиені өзге ортадан алады. Есіркіге құмар болған бойжеткен қызының қылығы өкінішке ұрындырады.

АҚӘДІЛ ИМАНҒАЛИ, АКТЕР:
— Қоғамдағы басты мәселе, қазір шыны керек, жастарымыздың қолына білім емес, у түсіп жатыр. Бұл жерде әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас сөз болады. Қазір ата аналар материалдық жағдайға көп көңіл бөледі де, баланың рухани құндылығына қатты назар аудармайды.

Киімі көк, ішіп жегенге тоқ тайраңдаған жас қыз рухани азық емес, ақыры ажал құшады. Байлығы да, беделі де бауыр еті баласын құтқарып қала алмайды. Ендігі сенгені Лондонда білім алып келген журналист, жалғыз ұлы Ермегі болатын. Бірақ әкенің өзі өмірінде дұрыс жол таңдамағандықтан, бала да сол жолдың құрбаны болады.

БАУЫРЖАН НҰРБАЙ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР:
— Қазір наркомания мен лудоманияның белең алып тұрған заманы. Осыған байланысты жастарымызды дұрыс жолға жетелемесек, арты қайғы-қасіретке әкелуі мүмкін. Осындайды болдырмау мақсатында суға тамған тамшылай үлесімді қоссам, көрерменге, жастарға, бүгінгі қоғамға ой салсам деген мақсатта қойдық.

Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» «Заң және тәртіп» қағидаты аясында көрсетіліп жатқан «Екі ғұмыр» атты әлеуметтік драманың премьерасын тамашалауға жасөспірімдер жиналды. Осы күннің ащы шындығы оларға ой салуға тиіс.
———————————————