Блогердің мүгедектігі бар балалар туралы сөзі қоғамның ашуын туғызды

Қазнетте тағы да шу. «Гүлнара блогер» атты желі белсендісі мүгедек балаларды қорлайтын пікір айтқан видеосын жариялаған. Олардың дүниеге келуін, аутизм мен онкологияны «бұзақылықтың салдары», «табиғаттың жазасы» деп атаған. Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мұны қорлау, кемсіту және жала деп бағалап отыр.
Қазнетте gulnara.blogger деген блогердің видеосы жарияланғаннан кейін үлкен дау шықты. Роликте блогер мүгедектігі бар балалардың дүниеге келуін, аутизм мен обырды «жүріс жүретіндердің жазасы» деп айтқан. Көпшіліктің наразылығын тудырған видеоны блогер өшіріп, одан кейін тағы бір ролик жариялайды.
ГҮЛНАР, БЛОГЕР:
— Дәрігерлер ретсіз жыныстық қатынастардың салдарынан ДЦП және басқа да ауру балалар дүниеге келуі мүмкін екенін айтады. Өйткені мен өз баламды туған кезде, «Дені сау туғанына рақмет», — деді. Мен «неге?» деп сұрағанда, «Бізде көбі ауру болып туады» — деді.

Видео желіде жылдам тарап, ерекше бала өсіріп отырған ата-аналардың жаппай қарсылығын туғызды. Көпшілік оның сөзінде кемсіту, қорлау және жала жабу белгілері бар екенін айтты. Ата-аналар осы оқиғадан кейін прокуратура, Президенттің атына блогерді жауапқа тартуды сұрап, хат жазған. Әлеуметтік желіде айтылған пікір Мәжіліс депутаты Динара Наумованың да шамына тиді. Депутат аңдамай сөйлейтіндерді көпшіліктің көз алдында жазалауды қолдамайды, бірақ олардың әрекетіне дер кезінде тоқтам қойып отырмаса, болмайды дейді.

ДИНАРА НАУМОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бұл – біреуді қорлау. Өзіңнің жеке пікіріңді айтып қана қоймай, белгілі бір адамдарды әдейі ренжіту. Мұны не үшін жасайды? Әрине, қаралым жинау, назар аударту үшін. Бірақ бұның қандай мәні бар? Пікір айтуға ешкім тыйым салмайды. Бірақ дәл осылай айту – мен үшін масқара жайт. Өйткені мен ондай балалармен, олардың аналарымен көп жұмыс істеймін. Олар қандай қиын жолдан өтіп жатқанын жақсы білемін. Бұларға осылай тіл тигізу, меніңше, адамдыққа жат әрекет.

Желіде «жаза жоқ» деп ойлайтындар жаңылады. Заңгерлердің айтуынша, интернет – ойын алаңы емес, жауапкершілігі бар қоғамдық кеңістік. Сондықтан бейәдеп сөздер қолданған автор ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал блогердің сөзінде ешқандай қылмыс жоқ деп есептейді заңгер.
ҚҰНДЫЗ ӨТЕБЕКОВА, ЗАҢГЕР:
— Менің ойымша, бұл блогердің айтқан сөздерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы жоқ, себебі ол өз субъективті пікірін білдіріп отыр. Алайда ол бұл ойды өте бейәдеп және қорлайтын түрде жеткізген. Осындай мәлімдемелерге барынша сақтықпен қарау қажет. Аналарға, даму ерекшеліктері бар балаларға және онкологиямен күресіп жүрген адамдарға қатысты айтылған сөздер әлеуметтік шиеленіс туғызып, қоғамда теріс көзқарас қалыптастыруы мүмкін. Мұндай тақырыптар әрдайым нәзіктікті, құрмет пен этиканы талап етеді.

Өткен аптада Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Талғар ауданы халқымен кездескен кезде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов мүгедектерге қатысты орынсыз сөйлеп көпшіліктің ашуын туғызғанын айта кетейін. Кейін шенеунік кешірім сұрап, әлеуметтік желіде арнайы жазба қалдырды.
———————————————