Алматыда көршілер арасындағы жанжал үй өртеуге дейін жетті

Алматыда екі көршінің арасындағы жанжал өршіп, бірінің үйін өртеп жібермек болған. Бұған дейін де қырғи-қабақ болып, ұрыс-керіспен жүрген екі әйел сотқа да жүгінген. Ақыры олардың бірі бұл үйден көшіп тынған. Бірақ жағдай мұнымен тынышталмаған. Жұртта қалған әйелдің үйіне осымен екінші рет өрт қойылып отыр. Былтыр көршісі асханасына кіріп, төсек орнын жағып жіберген. Келтірілген шығын – 1,7 млн теңге. Алайда полиция қылмыс құрамын таппаған. Жағдай тағы қайталанып отыр. Ер адамның есікке от қоймақшы болғаны бейнекамераға түсіп қалған. Оның жеке басы анықталып, «Қорқыту» бабы бойынша тергеу басталды. Алайда көршінің бұл ісі айыппұлмен ғана шектеліп отырған көрінеді. Сондықтан жәбірленушінің адвокаттары істі ауыр баппен қарауды талап етіп отыр.
———————————————