Ақтөбе мектептерінде камера орнатылып, дабыл түймесі қойылып жатыр

Ақтөбе мектептерінде қауіпсіздік күшейіп келеді. Оқу орындарына бейнебақылау камералары орнатылып, дабыл түймелері қойылуда. Себебі мектептерде теракт туралы жалған ақпар азаймай отыр.
Ақтөбе облысында 404 мектеп бар. Оның барлығы бейнебақылау жүйесі және дабыл түймесімен қамтылған. Дабыл түймелері полиция департаментінің жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Сондықтан тәртіп сақшылары оқу орындарындағы жағдайды тәулік бойы бақылап отырады. Жуырда ғана белгісіз адам әлеуметтік желіде 25 мектепте жарылыс, оқ ату және шабуыл жасау ниеті бар екенін жазған. Осыдан кейін жедел тексеріс жүргізіліп, мектептерге полиция жасақтары орналастырылды.

Жалған террорлық хабар болатыны туралы тараған мектептің бірі – №31 білім ордасы. Мектеп директорының айтуынша, ол жерде де полицейлер кезекшілік еткен. Қазір мұнда шамамен 150-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылған, дабыл түймелері мен күзет қызметі бар.

БАҚЫТБЕК ЖҰМАҒҰЛОВ, №31 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Ол уақытта күзетшілер болды. Бізде барлығы «Алақан» бағдарламасымен турникеттер арқылы өткізіледі. Тексеру жұмыстары жүргізіліп, күнде таңертең полиция қызметкерлері келіп, жан-жақты тексеріс жүргізді. Қорқыныш, үрей болған жоқ.

Еліміздегі мектептерде мұндай дабыл түймелері бірнеше жыл бұрын ғана орнатыла бастады. Түйме басылған сәтте жедел әрекет ету жасағы бірнеше минут ішінде келеді. Өңірдегі мектептерде қауіпсіздік шаралары жыл сайын күшейтіліп жатыр. «Көрінбейтін аймақ» қалмас үшін жаңа бейнебақылау камералары да орнатылуда. Сондай-ақ күзетшілерге қойылатын талаптар қатаңдатылды – олар 50 жасқа дейінгі, физикалық дайындығы мықты ер адамдар болуы тиіс.

Жалған террор туралы хабар таратқандарды анықтау оңай емес. Ақтөбе облысында жыл басынан бері тіркелген 12 жағдайдың жартысы ғана ашылған. Дегенмен қазан айында мектеп пен көпқабатты үйді жарып жіберемін деп қорқытқан адамның кім екені белгілі болды. Ол 8-сынып оқушысы болып шықты. Полиция мұндай «әзілдің» ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
———————————————