Жайық өзені – Батыс Қазақстан облысы үшін негізгі су артериясы. Өңірдің бірнеше ауданы арқылы ағып өтетін өзен бойында 100-ге тарта елді мекен орналасқан. Малы да, жаны да осы өзеннің суын тұтынып отыр. Ерке өзен соңғы жылдары тек көктемде тасып, күз келсе сарқылып барады. Жайықтың жағдайы қалай?
Өзен өз бастауын Ресейдің Орынбор облысынан алады. Жайықтың жайылып, арнасынан асып-тасуы көрші елге тәуелді. Ирикла – өзен бойындағы біздің елге дейінгі ең төменгі су қоймасы. Оның сыйымдылығы 3,2 миллиард текше метр болса, қазір 90 пайыз толған. Қараша айында қоймадан төменге су тастау көлемі екі есе артқан. Соның нәтижесінде Жайыққа жан біте бастады.
Қазір Жайықтағы судың деңгейі – нөлдік бекетпен есептегенде 68 сантиметр. Көтеріліп келеді. «Бұл – қалыпты жағдай», — дейді мамандар. Жағалауда шығып қалған теректер, су шайған жарқабақтар бұрын өзен суының қандай деңгейде болғанын көрсетеді. Өзен суының мол болуы күзгі-қысқы ауа райына да қатысты.
ОЛЬГА БОГАЧЕВА, ИНЖЕНЕР-ГИДРОЛОГ:
— Біз әзірге 2022 жылмен бағдар жасап отырмыз. Алдағы уақытта белгілі болады. Жауын-шашынның мөлшері мен қардың қаншалықты қалың түсетіні де өзен суына тікелей әсер етеді. Сондықтан алдын ала ауа райы туралы болжам жасау қиын.
Өңір үшін Жайық өзенінің маңызы зор. Аймақтағы жүзге тарта елді мекен де жағалауды жағалай қоныстанып отыр. Халық тұтынатын таза ауыз су, суармалы егістік пен қолдағы төрт түлікке қажетті тіршілік нәрі де осы өзеннен алынады. Қазсушар мекемесінің мамандары: «Көрші елдегі әріптестермен уақытылы ақпарат алмасып отырмыз. Жайықты жабырқатпаймыз», — дейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.