Павлодар облысында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасы әшкере болды

Павлодар облысында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасы әшкере болды. Алаяқтықты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңірдегі бөлім басшысы ұйымдастырған. Ол есепші болып істейтін туысы арқылы бірнеше кәсіпкердің электронды цифрлық қолтаңбасына қол жеткізген. Сөйтіп, жүкті әйелдерді шынымен жұмысқа қабылданғандай бұйрық шығарып, есеп-қисап ведомостарын және басқа да құжаттарды рәсімдеген. Алаяқтық схемаға бірнеше танысы да қатысқан. Олар жүкті әйелдерді тауып, «жәрдемақы алу үшін» жұмысқа тұруға үгіттеген және бәрі заңды деп сендірген.
ПАВЕЛ ШӘКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру 13 кәсіпкердің электрондық цифрлық қолтаңбалары пайдаланылғанынан бейхабар болғанын анықтады. 50-ден астам жүкті әйел шамадан тыс мөлшерде әлеуметтік төлем алған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекетке келтірілген шығын 200 млн теңгеден асатыны белгілі болды. Тергеу органы күдіктілердің мүлкіне тыйым салуды қамтамасыз етті, сонымен қатар 20 млн теңгеден астам сома өндіріліп, мемлекетке қайтарылды.
———————————————