Ақтөбелік үлескерлер бес жылдан бері жаңа баспаналарына кіре алмай жүр. Ондаған отбасы құрылысы басталмаған үйге қаржы құйып, мердігердің уәдесіне сеніп қалғанын айтады. Тіпті құрылыс компаниясындағылар бір пәтерді бірнеше адамға сатқан. Сондықтан сан соғып қалған тұрғындар қадағалаушы орган өкілдерінен мәселеге назар аударуды талап етіп отыр.
Мына жандардың барлығы көпқабатты үйдің құрылысына қаржы салған. Алғашында мердігер нысанды12 айда салып беремін деп уәде еткен. Алайда бес жыл өтті, үлескерлер әлі баспаналарына кіре алмай, даулап жүр.
ГҮЛНӘР ИМАНҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бір бөлмелі үйге толық төлем жасалды. Бізден ақша алынды. Қолымызда барлық чегі бар. Енді не үй жоқ, не ақша жоқ.
ЛӘЗЗАТ ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— 2023 жылы азаматтық сот болды. Сол сот бойынша ақшаны қайтаруы керек. Бірақ қайтармады. Міне, 2 жыл өтті. Ақша да жоқ, ештеңе де жоқ. Менің пәтерімді үш адамға сатқан.
Үлескерлердің мәселені айтып бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Бұл жолы олар қалалық прокуратура алдына жиналды.
АЙДАНА ӘБДІРАХМАНОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
— Әкімдікке де, құрылыс компаниясының орталығына да бардық. ДВД, прокуратура – барлық жерге бардық. Ешқандай шара қолданбайды. 5 жыл көлемінде уақыт өтті.
Құрылыстың аяқталмауына мердігер компания өкілдері: «Пандемия кезіндегі кедергілер мен қадағалау органдары қойған бұғаттау себеп болды», — дейді.
АЗАМАТ НҰРЫШЕВ, «АҚЗАМ СТРОЙ СЕРВИС» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
— Бүгінде үй дайын. Тек ұсақ-түйек шаруалар қалды. Қазір бізге тергеу органдарының жер теліміне қойған аресті кедергі болып отыр. Сол себепті нысанды тапсыра алмай отырмыз.
Зардап шеккен азаматтардың саны 22-ге жеткен. Жалпы шығын – 125 миллион теңге. Прокурорлардың сөзінше, қазір құрылыс компаниясы директорына қатысты «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.